Тіпті облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде де шіркей көп. Ал Сырдария мен Көксарай су қоймасына жақын ауылдарда жұрт үйден шығуға қорқатын халге жеткен. Жәндіктердің шаққаны қатты ісіп, қызарып, жараға айналады екен. Көпшілік көшеге мүлде шықпай, торлы бас киіммен, арнайы қорғаныс киімдерімен жүруге мәжбүр. Шіркейлер тек адамдарды емес, үй жануарларын да шабуылдап, малға да зиян келтіруде.
Жыл сайын бұл мәселеге қомақты қаржы бөлінетініне қарамастан, нәтиже жоқ. Жергілікті жұрт зиянкестерге қарсы шараны күшейтуді сұрап, облыс басшылығына шағымдарын жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, бұл тек Отырар ауданының ғана емес, жалпы өңірдің күрделі проблемасы екенін айтты.
– Биыл зиянкестерге қарсы күреске облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Бұл мәселені де біртіндеп еңсереміз деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Қызылорда облысында да шіркейлер көбейіп жұрттың мазасын алуда.