Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Тұрғын үй кезегінде өзгерістер: 24 мамырға дейін не істеу керек?

2025 жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегін басқару міндеті Отбасы банкіне беріледі. Егер сіз қазір кезекте тұрғандардың қатарында болсаңыз, осы күнге дейін өз деректеріңізді тексеріп, қажет болған жағдайда түзету енгізгеніңіз абзал, деп хабарлайды newsroom.kz

Тұрғын үй кезегінде өзгерістер: 24 мамырға дейін не істеу керек?
фото: ашық дереккөзден

24 мамырға дейін не істеу керек?

Krisha.kz порталының мәліметінше, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрғандар өздерін міндетті түрде тізімнен тексеруі тиіс.

Ол үшін kezekte.kz сайтына кіріп, мына мәліметтерді енгізу керек:

  • Тегі, аты, әкесінің аты;
  • Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН).
  • Бұл үшін ЭЦП қажет болмайды.

Егер өзіңізді тізімнен таба алмасаңыз, тез арада тұрғылықты жеріңіздегі әкімдікке хабарласыңыз. Қазіргі таңда барлық өңірлерде кезекте тұрған азаматтардың деректері жаңартылып жатыр, сондықтан тізімнен түсіп қалмау өте маңызды.

24 мамырдан кейін қандай өзгерістер болады?

Осы күннен бастап, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың және жаңадан өтініш бергендердің деректері Отбасы банкі басқаратын "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" атты жаңа электронды жүйеге көшіріледі.

Жаңа жүйенің ерекшеліктері:

  • Азаматтардың атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғын автоматты түрде тексереді;
  • Отбасының әлеуметтік жағдайы мен мәртебесін бағалайды;
  • Тізім автоматты түрде жасалып, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық ықтималдығын болдырмайды;
  • Тұрғын үйді әділ бөлу үдерісін ұйымдастырады.

Тұрғын үйді қалай бөледі?

Тұрғын үй қоры екі бағытта үлестіріледі:

  • 70% үлес – бірінші кезекте тұрған топтарға беріледі:
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар;
  • Жетім балалар;
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Мүгедек балалары бар отбасылар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектер;
  • Жесір әйелдер мен ерлер.
  • 30% үлес – басқа санаттағы азаматтарға таратылады:
  • Мемлекеттік қызметшілер;
  • Бюджеттік сала қызметкерлері;
  • Әскери қызметшілер;
  • Қандастар;
  • Ауыр дертке шалдыққан азаматтар.

Тұрғын үйге үміткерлікті табыс деңгейі қалай анықтайды?

Азаматтың табысы оның қандай тұрғын үй бағдарламасына қатыса алатынын айқындайды:

  • Егер бір адамға шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен (46 228 теңге) аз болса:
  • Жалдау ақысының 50%-ын субсидиялау мүмкіндігі беріледі;
  • Әкімдік арқылы жалдамалы тұрғын үй ұсынылады.
  • Егер табыс деңгейі күнкөріс деңгейінен жоғары болса:
  • Төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека рәсімдеу мүмкіндігі болады (2,5% немесе 9%-дан бастап).

Қандай тұрғын үй ұсынылады?

Тұрғын үйдің екі негізгі түрі қарастырылады:

  • Әкімдіктер тарапынан берілетін әлеуметтік тұрғын үй;
  • Құрылыс компанияларынан сатып алынған пәтерлер.

Барлық тұрғын үй кезектері және бөлу нәтижелері туралы ақпарат Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланып отырады. Тізімдер әр тоқсан сайын жаңартылады.

Қоғамдық осал топтарға қосымша көмек

Әлеуметтік әлсіз топтарға тұрғын үй сертификаттары ұсынылады — бұл ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге арналған көмек. 2025 жылы бұл мақсатқа 290 миллион теңге бөлінген.

Кімдер кезекке тұра алмайды?

Төмендегі санаттағы азаматтарға тұрғын үй алу құқығы берілмейді:

  • Соңғы 5 жыл ішінде өз атына жылжымайтын мүлік тіркелгендер (оның ішінде сыйға тартылған немесе сатылған мүлік те есептеледі);
  • Бұрын мемлекеттік тұрғын үй алған азаматтар (оның ішінде жекешелендірілгендер де бар);
  • Өз мәліметтерінде жалған ақпарат ұсынғандар;
  • Апаттық жағдайдағы үйі басқа қалада орналасқан азаматтар (мысалы, үйі облыста, ал өзі Алматыда кезекте тұрса);
  • Льготалық ипотека арқылы баспана алғандар.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату