Жеңіс күніне арналған іс-шараларға тыйым салынған елдер:
Латвия: 2023 жылдың сәуірінде Латвия Сеймі 9 мамырды атап өтуге тыйым салатын заң қабылдады. Бұл заң Ресеймен байланысты барлық символдарды, соның ішінде георгий лентасын, шерулерді, митингтерді, пикеттерді және кеңестік-ресейлік белгілерді қолдануға тыйым салады. Сондай-ақ бұзылған ескерткіштерге гүл қою да заңмен шектелген.
Эстония: Жеңіс күнімен байланысты кез келген символға – Ресей мен Кеңес Одағының тулары, георгий лентасы, Z және V әріптері, кеңестік әскери формаға тыйым салынған. Мұндай белгілерді қолданған шерулер мен жаппай жиналыстар өткізуге рұқсат жоқ.
Литва: Ресей мен Кеңес Одағының символдарын, соның ішінде Жеңіс Туын және Қызыл жұлдызды көрсетуге тыйым салынған. Бұған қоса, кеңестік әскери әндер мен рәміздерге де шектеу қойылған. Заң бұзғандарға айыппұл салынады.
Украина: Мұнда 2015 жылдан бері әскери парадтармен өтетін Жеңіс күнін тойлауға тыйым салынған. Оның орнына 8 мамыр – «Қайғы мен татуласу күні» ретінде белгіленді.
Германия: Шығыс Берлинде орналасқан кеңестік ескерткіштердің маңында 8–9 мамырда Ресей символикасын – РФ туы, георгий лентасы, әскери форма, Z және V әріптері – қолдануға тыйым салынған. Сондай-ақ ескерткіш жанында әскери әндер орындауға да рұқсат жоқ.
2025 жылы Украинадағы соғысқа байланысты Австрия, Бельгия, Дания, Ирландия, Италия, Польша, Румыния, Франция, Чехия, Нидерланды, Норвегия, Швейцария мен Ұлыбритания Ресейдегі Жеңіс парадына қатыспайтынын және 9 мамырда ресейлік үлгідегі мерекелерге қолдау көрсетпейтінін мәлімдеді.
«Мәңгілік полк» шеруіне тыйым салынған елдер
АҚШ: Мұнда 2015 жылдан бері тыйым бар. Украинадағы соғыс басталған соң шерулер мен мемориалдарға гүл шоқтарын қою рәсімдері де тоқтатылды.
Ұлыбритания: 2022 жылдан бастап шерулерге ғана емес, Лондонда ескерткіштерге гүл шоқтары мен венок қоюға да тыйым салынған.
Ирландия: Бұл елде де 2022 жылдан бастап акция өткізуге тыйым салынған.
Қазақстан: 2022, 2024 және 2025 жылдары «Мәңгілік полк» шеруі қауіпсіздік және «мүмкін болатын арандатушылық» себептерімен өткізілмеді. 2023 жылы шара «Батырларға тағзым» атауымен өтті.
Қырғызстан: 2024 жылы Бішкекте шеру өткізілмейтін болды. Себебі ретінде «қауіпсіздік» пен «арандатушылық қаупі» айтылды.
Тәжікстан: 2017 жылы ел билігі «Мәңгілік полк» акциясын исламдық дәстүрлерге сай келмейді деп, яғни марқұмдардың суреттерін көпшілік алдында алып жүру дұрыс емес деген уәжбен тоқтатты.
Латвия, Литва және Эстония Жеңіс күнімен байланысты кез келген салтанатты шаралардан толықтай бас тартқан.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтар арасында 9 мамырды атап өтуге қатысты пікірталас өрбіген еді. Бірі бұл – жоқ болып кеткен Кеңес Одағының мерекесі десе, енді бірі Қазақстанның Гитлерге қарсы соғыстағы үлесін алға тартады. Үшінші тарап қазіргі жағдайда әскери парад өткізудің қажеті жоқ деп санайды, бірақ бұл күнді естен шығаруға болмайды дейді. Олар үшін 9 мамыр – қайғы мен еске алу күні.