Асыловтың айтуынша, мұндай нәтиже құқық қорғау органдары жүргізген жүйелі профилактикалық жұмыстың жемісі.
— Профилактика дұрыс жүргізілсе — қылмыс жасалмайды. Бұл – құқықтық тәртіптің нақты әсері, — деді ол.
Оның сөзінше, азаматтар өздерін көшеде, аулада, тіпті өз үйінде де қауіпсіз сезінуі тиіс. Қылмыстың азаюы ұрлық, бұзақылық, мал ұрлығы, жеңіл және аса ауыр қылмыстар санатында ерекше байқалады.
Алайда бірқатар өңірде қылмыс көрсеткіші артқан:
Шымкент қаласы — +25,8%,
Жамбыл облысы — +21%,
Ұлытау облысы — +13,6%,
Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында — қалыпты өсім.
Бас прокуратура бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, нақты мекенжайлық жұмысты белсендіруді көздеп отыр. Асылов құқық қорғау органдарының нәтижелі жұмыс істеуіне жеке жауапкершілік жүктелетінін және мемлекеттік құрылымдардың үйлеспейтін әрекеттеріне жол берілмейтінін атап өтті.
Алаяқтықпен күрес және наркобизнесті әшкерелеу
2025 жылдың алғашқы тоқсанында алаяқтық деректері 3,9%-ға азайған. Жалпы келтірілген залал — 41,4 млрд теңге. Бұл — былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есе аз. Оның 11,7 млрд теңгесі қайтарылған.
Сонымен қатар, есірткі айналымына қарсы күресте де айтарлықтай нәтижелер бар. Наркотикалық қылмыстар 14%-ға, сату фактілері 13%-ға артқан. Сотқа 1500-ден астам іс жіберілген. Заңсыз айналымнан 3,3 тоннадан астам есірткі тәркіленген — бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп.
«Ақша ізімен жүр» қағидаты аясында арнайы прокурорлар наркомагазиндердің қаржылық желілерін анықтап, 12 мыңнан астам жалған тұлғаларға тіркелген банк шоттарын бұғаттаған. Бұл шоттар арқылы 2,1 млрд теңгеден астам наркодоход өткен. Сонымен қатар, 5 млрд теңгеден астам мүлік пен 6 млн доллар көлеміндегі криптовалюта тәркіленген.
Берік Асылов профилактиканың жай сөз емес, нақты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін шаралар екенін ескертіп, ведомстволардың күшін үйлестіру жұмысы жалғаса беретінін жеткізді.