Атырау тұрғындары Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот отырысына қатыса алады. Бұл туралы #НеМолчиKZ қоры әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлады.
«Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот – ашық процесс. Әрбір адам сот отырысын бақылауға құқылы. Атырау тұрғындарын тыңдарман ретінде сотқа келуге шақырамыз. Янаның анасы Галина Легкодимоваға және Янаның рухына қолдау білдірейік» делінген хабарламада.
Еске салайық, Атырау облысында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда. Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың 18 қазанында кешкі уақытта Яна Атыраудағы үйінен танысының қоңырауынан кейін шыққан. Ол көп ұзамай ораламын деп ойлап, күртешесін алмай кеткен. Соңғы рет қызды дәл сол танысының көлігіне мініп отырғанын көрген. Осыдан кейін Яна із-түзсіз жоғалып кеткен.
Қыздың анасы іссапардан оралғанда, үйде барлық жеке заттарының орнында тұрғанын байқап, дереу дабыл қаққан. Ұзақ уақытқа созылған іздеу шаралары нәтиже бермеді. Кейін полиция қызметкерлері Янаның күнделігін тауып, онда «Р.» есімді азаматтың аты аталған. Бұл дерек тергеудің әрі қарай өрбуіне маңызды рөл атқарды.
Көп ұзамай екі күдікті ұсталды — 24 жастағы Р. және оның 25 жастағы досы А. Тергеу нұсқасы бойынша, Янаға қарсы қылмысты Р. көліктің ішінде жасаған, ал А. сол кезде есікті ұстап, қыздың қашып шығуына жол бермеген. Қылмыстан кейін олар қыздың денесін қаладан тыс жерге апарып, Талдыкөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастаған.
Қыздың сүйегі тек 2025 жылдың 20 маусымында — жоғалғанына сегіз ай өткен соң табылды.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Соттың қарауында жаңа дәлелдер бар, соның ішінде айыпталушылар арасындағы хат алмасудың үзінділері де бар, олар әлеуметтік желіде жарияланған.