Ғарыш – шексіз, әлі толық ашылмаған құпия әлем. Бала үшін ол — ертегі мен шытырманға толы шексіз кеңістік. Телескоппен жұлдыз санау, түнгі аспанға қарап армандау, мультфильмдер мен кітаптардағы батыр ғарышкерлер – бәрі бала санасына сіңіп, оған "мен де солай істей аламын" деген сенім ұялатады.
Кішкентай арман иелері не дейді?
WhatsApp мессенджеріндегі таныстарымыздың арасынан сауалнама жүргізіп көрдік. Сұрақ біреу-ақ: Неге ғарышкер болғың келеді?
Жәнібек, 9 жаста:
— Мен ғарышкер болсам, Айға барып, сол жерден анама видео жіберем. Ол қуанып кететін шығар!
Нұртөре, 8 жаста:
— Ғарышта салмақ болмайды екен. Мен ұшып жүрем! Ұшқанды жақсы көрем!
Рамазан, 10 жаста:
— Менің атам Тоқтар Әубәкіров туралы көп айтады. Ол – батыр! Мен де сондай болғым келеді.
Ерасыл, 7 жаста:
— Мен Айдан тастар жинап, Қазақстанға әкелем. Мұражай ашам.
Бала – таза, шынайы, жүрегі сенімге толы. Олардың арманында шек жоқ. Ал сол армандардың ішінде ең асқақ, ең биігі – ғарыш.
Баланың арманы – үлкендердің жауапкершілігі.
Ғарышкер болуды армандаған бала кейін басқа салаға кетуі мүмкін. Бірақ дәл осы арман оның ойлау көкжиегін кеңейтіп, ғылым мен техникаға деген қызығушылығын оятады. Сондықтан ата-ана мен ұстаздар баланың арманына құрметпен қарап, оны дамытуға көмектесуі керек.
Қаазір елімізде астрономия үйірмелері, планетарийлер, ғарыш лагерлері ашылып жатыр. Баланың қызығушылығын ерте байқап, қолдау білдірсек, ертеңгі ғалымдар мен инженерлер, бәлкім — ғарышкерлердің іргетасы бүгін қаланбақ.
Қазақ баласы неге Айға бармасын?
Біз – Байқоңырдай батыр мекеннен шыққан елміз. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтар аспан әлеміне жол ашып кетті. Ендеше қазақ баласының арманына "жоқ" деуге бола ма?
Болашақта қазақ баласы Айға барып күй шертсе, Марста «Адай» биін билесе, ол — қиял емес, мүмкіндік. Өйткені ғарыш – жүректілерге ғана есігін ашады. Ал балалар – нағыз жүректі армандаушылар.
Егер балаңыз «мен ғарышкер болам» десе — күлмеңіз. Армандауға мүмкіндік беріңіз. Кім біледі, ол болашақта әлемді таңғалдырған тұңғыш қазақ баласы болуы мүмкін...
Баланың "ғарышкер болам" деуі — оның шығармашылық ойлау қабілетінің, батыл армандары мен еркін қиялының көрсеткіші. Бұл туралы психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановқа сауал жолдап, пікірін білген болатынбыз:

- Неліктен балалар «ғарышкер болғым келеді» деген секілді батыл армандарды айтады?
Жас ерекшелік психологиясы бойынша балалардың 4-7 жас аралығында қиял процесі белсенді дамиды. Ол кезде бала санасы өмірдің нақты шындығы мен мүмкіндігі арасын толық ажырата алмайды, сондықтан оған бәрі мүмкін сияқты көрінеді. Оның ойында шекара жоқ: ол аспанда қалықтап ұшып, жұлдыздарға қол соза алады. «Мен ғарышкер болам!» – дейді ол сенімді түрде, өйткені сол сәтте ол өз қиялының жетегінде кетеді.
Психология мұны баланың өзін табуға, өз орнын сезінуге тырысқан алғашқы қадамы деп қарастырады. Ол өзін үлкен, мықты, маңызды адам ретінде елестеткісі келеді екен.
Сондықтан да бала арманы батыл – ол шындықтың шеңберімен шектелмейді. Бұл – оның дамып келе жатқан санасының табиғи көрінісі, - дейді психолог Балабаек Кеніштайұлы.
- Бала арманына ата-ана мен үлкендер қалай қарауы керек?
Бала бірде ұшқыш болғысы келеді, бірде актер, келесі күні ғалым боламын дейді. Бұл – тұрақсыздық емес, бұл – өсу.
Осындай сәттерде ата-ана баланың жан дүниесін тыңдай білуі керек. Арманды шын жүректен қабылдау – бұл балаға сенім беру деген сөз екен.
Ең дұрысы – сұрақ қойып, қызығушылық таныту. «Ғарышкер болғың келеді екен, ал сен қандай ғарыш кемесін ойлап табар едің?» деп сұрасаңыз, бала өзінің қиялын одан сайын кеңейтеді. Сіз оның арманын нақты мақсатқа айналдыруына көмектесесіз. Кейбір үлкендер баланың арманын салмақты қабылдамайды. Ал шын мәнінде, дәл осы арман оны шабыттандырып, оқуға, өзін дамытуға итермелеуі мүмкін. Ата-ананың сенімі – баланың болашаққа деген сенімінің дәні, - дейді психология ғылымдарының докторы..
- Бала армандаудан бас тартпау үшін ата-ана қандай әрекеттерден аулақ болуы керек?
Баланың арманын шектейтін ең қауіпті нәрсе – үлкендердің сөзі. «Сенен ештеңе шықпайды», «Ондай болмайды», «Аспанда жүргенің не, жерге түс!» – деген сөздер бала жүрегінде із қалдырады. Ол сөздер кейде сырттай қарағанда елеусіз көрінеді, бірақ бала ол сөзді жүрегіне жазып алады, - дейді маман.
Кейбір ата-аналар баланың арманына күліп, оны орынсыз деп есептейді. Бірақ бұл күлкі баланың ішкі сенімін сөндіреді. Ол біртіндеп өз арманынан бас тарта бастайды, өйткені оны қолдайтын жан жоқ екенін сезінеді.
Арман – баланың ішкі жарығы. Ол өшуі мүмкін, егер ата-ана тым қатал болса, егер баланың таңдауы мен арманына орын бермесе. Баланы түсініп, оның қиялына қанат бітіру – бұл ең үлкен ата-аналық міндеттердің бірі, - деп жауап берді психолог Балабек Кеніштайұлы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бала неғұрлым биік армандай алса, соғұрлым өмірде алға ұмтылуға бейім болады. Ғарышкер болу — нақты мақсат емес, ол — бала санасындағы ең биікке жету идеясын бейнелейді. Сондықтан ата-ана баланың мұндай арманын шектемей, оны қолдап, зерттеуге ынталандырса — баланың тұлғалық дамуына зор үлес қосады.
Кейде ата-аналар "оның қолынан келмейді" деген оймен баланың арманына күмәнмен қарайды. Бірақ бала өз арманына сенген сәтте — оның бойында мақсатқа жетудің алғашқы энергиясы пайда болады. Мейлі ол кейін басқа саланы таңдаса да, бұл сенім оның бойында өмір бойы сақталып қалмақ.
Сондықтан, балаңыз «ғарышкер болам» десе жігерін шыңдай түсіңіз!