— Кенжехан Ісләмжанұлы, кеше еліміздің ғылыми кеңістігінде маңызды, тіпті тарихи оқиға болды десек артық айтпаспыз. Академиктердің жалпы жиналысының шешімімен қоғамдық бірлестік жабылып, енді елде бір ғана Ұлттық ғылым академиясы қалды. Дегенмен, кейбір азаматтар мұны «Ғылым академиясы жабылыпты» деп қате түсініп қалған сияқты. Кешегі жиналыстың маңызы қандай, сіздер қабылдаған шешімнің мәні неде?
— Иә, кеше шынымен де маңызы үлкен тарихи оқиға болды. Қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы тәжірибелі, танымал ғалымдар бірауыздан шешім қабылдап, Президент жанындағы мемлекеттік Ұлттық ғылым академиясының құрамына өтті. Бұл — бір академияның жабылып, екіншісінің ашылуы емес. Бұл — ғылымды ұйымдастырып, оны мемлекеттік қамқорлыққа алу жөніндегі Мемлекет басшысының стратегиялық шешіміне сәйкес жасалған маңызды қадам. Яғни, осы мәселеге кеңірек қарап, оны тек құрылымдық тұрғыдағы емес, ұлттық мүдде деңгейінде жасалған қадам деп қарау керек.
Болашақта ғалымдардың жұмысын мемлекеттік тұрғыда жоспарлы түрде нәтижелі жүзеге асыруға мүмкіндік жасайтын үлкен шара болады деп есептейміз. Кеше академия мүшелері осыны ашып айтты. Барлығы ризашылық білдіріп, қолдау көрсетті.
Сол себепті, аталған шешімді тек біржақты, «мына академия жабылып қалыпты, ана академия қайтадан құрылып жатыр» деген тұрғыда қарауға болмайды. Бұл — тек формалдық өзгеріс емес, ғылымның мазмұны мен бағытын жаңаша ұйымдастырудың басы.
— Қоғамдық бірлестік жабылған соң, оның мүшелері бүгін Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрамына өтті. Академия іріленіп, оның әлеуеті артты дей аламыз ба?
— Осындай шешімді Ұлттық ғылыми академияның бұрынғы академиктері бұрыннан күткен еді. Мұны түптің түбінде, ғылымның дамуына, көркеюіне, мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуге ықпал ететін үлкен шешім деп есептеу қажет.
Әрине, ғылым деген — академия құрамында жұмыс істеу емес, бұл — аса терең жауапкершілікті, байыптылықты қажет ететін сала. Көптеген ғылыми жаңалық пен ірі жетістіктер академия мүшелігінсіз де жүзеге асады. Бірақ, дәл осы шешім — ғалымдарға деген мемлекеттік қамқорлықтың артуы тұрғысынан өте маңызды. Бұл — ғалымдардың еңбегін бағалау, мәртебесін арттыру жолындағы нақты қадам.
«Академия ғалымдарға не береді?» деген кезде ғалымдардың осы уақытқа дейін жасаған мол тәжірибесін жас буынға жеткізу, ғылыми сабақтастықты күшейту, ғылыми саясатты елдің мүддесіне сай түзу мәселелерін айту керек.
— Ғылымның дамуы үшін әртүрлі жастағы буындар арасындағы сабақтастық пен бірлікті күшейту қаншалықты маңызды?
— Сабақтастық — ғылымның тірегі. Өз мектебі бар, халықаралық деңгейде мойындалған ғалымдардың тәжірибесін жастарға беруі — маңызды мәселе. Академияның жұмысы осыны жүйелеуге бағытталады. Жас ғалымдарға жол ашылып жатыр. Академияның жаңа құрамы осы бағыттағы жұмыстарды жандандырады деп сенеміз.
— Бүгінде мемлекет тарапынан ғылымға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
— Кейінгі екі жылда ғылым саласына қажетті деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Президент шешімімен Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке құрылым ретінде бөлініп шықты. Ұлттық ғылым академиясына мәртебе беріліп, академиктерге және ғылыммен айналысатын азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетіле бастады. Өткен жылы ғана «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң қабылданды. Қаржыландыру көлемі артып келеді, халықаралық байланыстардың кеңейіп жатқаны қуантады.
Сондай-ақ кейінгі жылдары жас ғалымдарға деген қолдау күшейді. Жас зерттеушілерге арналған гранттар мен шетелдік тағылымдамалар жүйесі енгізілді.
Осының барлығы — ғылымды ұйымдастыру мен оның сапасын арттыруға арналған жүйелі реформалардың бір бөлігі. Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебеге ие болуы, оның құрамының жастармен қоса, тәжірибесі мол мамандар мен өз ісін білетін академиктермен толығуы — болашаққа үлкен бағдар беретін қадам.
Ұлттық ғылым академиясының жаңа құрамына сәттілік тілейміз! Іргелі еңбектерді жүзеге асыруда бұл Академияның атқаратын міндеттері көп.