Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ер адам дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, қажетті екпелерді алмаған. Соның салдарынан ауру асқынып, өлімге әкелген.
Биыл жылдың басынан бері өңірде жануарлардың адамдарға шабуылдауы жиі тіркеліп отыр. Антирабикалық көмек алу үшін 1 351 адам дәрігерге жүгінген, олардың жартысынан көбі – балалар.
Шабуылдардың 64,7%-ы иттердің, ал 34,1%-ы мысықтардың үлесіне тиеді. Қалған жағдайларда адамдарды басқа жануарлар тістеген.
Осы кезеңде 801 адамға құтырмаға қарсы вакцина егілсе, 544 науқасқа жоғары жұқтыру қаупі болғандықтан иммуноглобулин енгізілген.
Мамандардың айтуынша, кез келген жануардың тістеуі немесе сілекейімен жанасу жағдайында дереу дәрігерге қаралу және антирабикалық екпелер кестесін қатаң сақтау қажет.