Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 наурыз, 2025 / Жанар Ғарифоллақызы / Дін

Әйелдер айт намазын қалай оқиды?

Биыл ораза айт 30 наурызға сәйкес келіп тұр. Бұл күні айт намазы оқылады. Әйелдер үшін айт намазының дұрыс оқылу үлгісін newsroom.kz порталы назарларыңызға ұсынады.

Әйелдер айт намазын қалай оқиды?
фото: newsroom.kz

Айт намазы ер адамдар үшін уәжіп (міндетті) үкімінде болғанымен, әйелдерге оны оқу міндетті емес. Алайда, мешітке барып, жамағатпен айт намазын оқуына болады. 

Айт намаздарының дұрыс орындалу шарттары жұма намазының шарттарына ұқсайды:

  • Уақыттың кіруі,
  • жамағатпен бірге оқу (жеке оқылмайды)

Тек құтпаның үкімі бұдан тыс. Яғни құтпа жұма намазы үшін шарт болса, айт намазы үшін сүннет қана және құтпа айт намазынан кейін оқылады.

Айт намазының уақыты күн найза бойы көтерілгеннен бастап, күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады. Яғни күн шыққаннан кейін жобамен жарты сағат өткеннен бастап, бесін намазы уақытының кіруіне аз қалғанға дейін. Елімізде әр қала бойынша белгіленген кесте жарияланған. Мешіттерде сол уақыт бойынша оқылады.  Ораза айт намазын алғашқы уақыты кіре салысымен емес, біраз уақыт өткізіп оқу – мұстахап(жақсы). Көпшілік пітір садақасын беріп үлгерулері үшін бұл тиімді.

АЙТ НАМАЗЫНЫҢ ОҚЫЛУЫ (әйелдер үшін):

Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Азан мен қамат айтылмайды.

Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі: айт намазының әрбір рәкатында үш тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді орындау – уәжіп. Бұл тәкбірлер бірінші рәкатта қырағаттан бұрын, ал екінші рәкатта қырағаттан кейін айтылады.

Бірінші рәкат: Имам намазды бастағанда, айт намазына ниет етіп «Аллаһу әкбар» деп тәкбір алғаннан кейін, қолын кіндік тұсына байлап, «субханака» дұғасын оқиды. Әйел жамағаты да: «Айт намазын оқуға ниет еттік, ұйыдық имамға», – деп ниет етеді де тәкбір алып, қолдарын кеуде тұсына байлайды да «сүбханака» дұғасын оқиды. Артынша имаммен бірге үш рет тәкбір тартады. Имам екі қолын құлақ тұсына апарып «Аллаһу әкбар» деп дауыстап бірінші тәкбірді алады да, қолын кіндік тұсына байламай екі жағына түсіреді. Әйел жамағаты артынша іштей имамның тәкбірін қайталап, алақанын сыртқа қаратып иық тұсына әкеп   тәкбір алып, имам секілді қолды байламай екі жанына түсіреді. Осылайша екінші және үшінші тәкбір айтылады. Имам үшінші тәкбірді айтқаннан кейін қолды байлап, іштей «ағузу» мен «бисмиллаһты» оқиды. Сосын «Фатиха» сүресі мен қысқа сүре немесе аяттардан дауыстап оқиды. Артынша басқа намаздардағыдай рукуғ пен сәжде жасалады.

Екінші рәкат: Имам мен жамағат екінші рәкатқа тұрады, қол  байланады. Имам «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре дауыстап оқиды (жамағат үнсіз тұрады). Артынша бірінші рәкаттағы секілді үш мәрте тәкбір алады, әр тәкбірде (бірінші рәкаттағыдай) қолды  байламай екі жағына түсіреді. Төртінші мәрте тәкбір айтып рукуғқа барады. Бұл төртінші тәкбір, рукуғтың тәкбірі болып саналады. Артынша сәжде жасалады, соңғы отырыста «әт-Тахият» пен салауат, дұға оқылып намаз аяқталады.

Ораза құтпасын оқу – сүннет. Намаздан кейін имам мінберге шығып құтпа оқиды. Құтпада Аллаға шүкіршілік пен мақтаулар, пітір садақасы жайлы айтылғаннан кейін, «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтады. Жамағат бұл сөздерді имаммен бірге бәсең дауыспен қайталайды. Имам ораза айт құтпасын жұма құтпасы секілді екіге бөліп, арасында аз кідіріспен айтады. Айта кетейік, имам құтпа оқып жатқанда мүлде сөйлеуге болмайды. 

Ораза айтта мешітке бара жатып іштей жоғарыдағы тәкбір айтылады. Мешітке келгенде, намазға тұратын уақытқа дейін жамағатпен тәкбір айтылады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату