Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Ең әдемі киім – өз ұлтыңның киімі» — Баһаргүл Төлеген

Қазақтың ұлттық киімі – тек өткеннің жәдігері емес, бүгінгі сән әлемінде де өзіндік орны бар құндылық. Ұлттық киім күнінің қарсаңында Newsroom.kz тілшісі Арайна Арайқызы  “Әдемі ай” компаниясының негізін қалаушы, танымал дизайнер Баһаргүл Төлегенмен сұқбаттасты.

«Ең әдемі киім – өз ұлтыңның киімі» — Баһаргүл Төлеген
@ademi_ai | instagram

Баһаргүл ханым ұлттық киімнің заманауи сән индустриясындағы рөлі, оны күнделікті өмірге бейімдеудің маңыздылығы және ұлттық мәдениетті дәріптеудің жаңа жолдары туралы өз ойымен бөлісті. 

 – Баһаргүл ханым, «Әдемі-ай» компаниясын құру идеясы қалай пайда болды?

«Әдемі-ай» компаниясын 2002 жылы Әдемі атты қызым дүниеге келген кезде құрған болатынмын. Кейін «Әдемі-ай» журналын шығара бастадым. Қасына «-ай» тіркесін қосқан себебім, «шіркін-ай, әдемі-ай» болсын, артынан бауырлары дүниеге келсін деп ырымдап қостым. Араға 10 жыл салып, дүниеге Айжамал есімді қызым келді. Дүкенімнің, журналымның, үйімнің атын да «Әдемі-ай» деп қойдым. Нәтижесінде, компания осылайша бренд болып қалыптасты. Біздің әуелі мақсатымыз – ұлтқа жанашырлық көрсету, төл-мәдениетімізді ұлықтап, қазақ халқының сөрелерінде тұруға тиісті елдік пен ұлттықты көрсететін кәдесый бұйымдарын жасап шығару еді. Ал, қазір қанатымыз кеңейіп зергерлік бұйымдар мен ұлттық киімдерді де өндіре бастадық.

“Әдемі-ай” компаниясының ұлттық киімді насихаттауға қосып жүрген үлесі зор. Тек сәндік мақсатта емес, патриотизмді арттыру, жастарға ұлттық құндылықтарды таныту үшін де ұлттық киімнің рөлі ерекше.  18 наурыз – Ұлттық киім күні қарсаңында өтетін сән көрсетілімі қазақы киімнің сұлу бейнесін паш етіп, оны күнделікті өмірімізге енгізудің маңыздылығын көрсететін жарқын оқиға болмақ. Ұлттық киімге деген сүйіспеншілік – мәдениетімізге, тарихымызға деген құрмет. Ендеше, төл киімімізді мақтан тұтып, күнделікті өмірімізде де кие білейік!

– Сіздің ойыңызша, ұлттық киімнің заманауи сәндегі орны қандай?

Ұлы адамдар: «Ең әдемі киім – ол өз ұлтыңның киімі» дейді. Ұлттық киімнің заманауи сәнді түрі қазіргі жаһандану заманында өте қажет. Өйткені, байырғы ата-бабамыздың киім тігу өнері, қазақ халқының ұлттық ер мен әйел киімдері, бөріктері, аяқ киімдері біз үшін өте құнды. Ұлттық киімнің өзі біркиер киім, сулық киім, сырт киім, сәндік киім деп көптеген топтарға жіктеледі. Сол себепті, ұлттық киіміміз біздің басқа ұлттан ерекшелігімізді көрсетеді. Адам көркі – шүперек дейді ғой. Әлемдік подиумдарда қазақтың ұлттық киімі заманауи сәнмен ұштасып, жер-жаһанға танымал болса өте қуанышты болар едік.

– Ұлттық киімді тігу барысында қандай маталар мен ою-өрнектерді жиі қолданасыз?

Киім тігу барысында бархат, кашемир, шұға, торғын-торқа және басқа да маталарды қолданамыз. Қазақтың маталарының да түрлері өте көп қой. Көп нәрсе дизайнердың қабыстыра білуіне байланысты. Киімнің үстіне түрлі ою-өрнектер тігіп, заманауи тігін машиналарын қолданып, ұлттық киімге сән береді. Әдетте, күміс әшекейлері мен бисерларды қолданамыз. Сонымен қатар, құндыз терісі, бағала аң терілерін де пайдалана отырып, ішік пен шекпен секілді заттарды жасаймыз.  Біздің «Әдемі-ай» компаниямызда тек қолөнер туындылары сатылады. Ұлттық киімді дәріптеу арқылы мәдениетімізді дәріптейміз және қазақ ұлтының ерекшелігін көрсетеміз.

– Қазіргі жастардың ұлттық киімге деген қызығушылығын арттыру үшін қандай шаралар керек деп ойлайсыз?

Жастардың ұлттық киімге деген қызығушылықтарын арттыру үшін көптеген фестивальдар, дефилелер өткізу керек. Әсіресе мектеп және ЖОО қабырғаларында кеңінен ұйымдастырылу керек деп ойлаймын. Біз компания ретінде ұлттық киімді насихаттауды тек ақша мен бизнес көзі ретінде емес, ұлтқа жанашарлық ретінде көреміз. Киім тігетін тігіншілердің, шеберлердің, дизайн жасайтын дизайнерлердің де жұмысына басымдық беріп, назарға алып, олардың сапалы өнім жасауына тиісті жағдаймен, қажеттіліктерімен қамтамасыз етуіміз керек. Осылайша, жастардың патриоттық сезімін оятып, ұлтқа деген сүйіспеншіліктерін арттыра аламыз деп есептеймін.  Бала тәрбиесіне жауапты әрі қатысты адамдар балабақшада, мектепте және өзге оқу орындарында дермен, күбі секілді нәрселерді насихаттап, көзбен көріп, қолмен ұстап тани алулары үшін жағдай жасалу керек. Ұлттық киімді сүю керек. Менің газет-журналдарға, ақпараттық сайттарға, телеарналарға сұқбат беріп, қоғамдық мекемелерде дефилелерді өткізуімнің өзі – ұлт пен ұлттық киімге деген сүйіспеншілігімнен туады.

– «Әдемі-ай» бренді  болашақта ұлттық киім трендін қалай дамытуды жоспарлап отыр?

Компанияның алдағы жоспарында ұлттық киімді ең әуелі танымал ету және трендке айналдыру мақсаты бар. Дизайнерлерым және  тігіншілеріммен біріге отырып, ұлттық киімді өндіруден тыңбаймыз. Ай сайын, апта сайын жаңа коллекциялар шығарамыз. Қаражатымыз жеткенше барынша тырысып бағамыз. Айналымға түсіріп, трендке айналдыруға тырысамыз. Дмзайнердың қиялынан шыққан дүниелер қыздардың көркіне көрік қосып, сұлулығын паш ететіні сөзсіз. Ер азаматтарымыз да ұлттық киімді киген сәтте өздерін нағыз қазақ ретінде сезініп, патриоттық рухтары оянатынына сенімдіміз. Бұрында той-домалақта бір шапанды берсең, ол шапан өзіңе қайта айналып келетін. Ал, қазір жағдай өзгешеленіп, сыйға шапан тартсаң, қайта бір марқайып қалатын болған адамдар. Біз өзіміз санға емес, сапаға қызмет еткендіктен тұтынушыларымыз компания логотипын көрген сәтте көздерінен қуаныш көреміз. Тіпті, өзге ұлттар да наурыз мерекесінің қарсаңында біздің шапандарымызды сатып алып жатыр. Тек қана велюр мен бархаттан ғана жасап қоймай, күнделікті кигенге жеңіл маталарға өрнек салып та сатып жатырмыз. Бізде шапандардың пәлте секілді түрлері де бар. Барлығы трендтегі дүниелер.

– 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күнді қалай атап өткен дұрыс деп ойлайсыз?

Мемлекет саясатына расында көңілім толады. Былтыр да әр маңызды күнге ерекше назар беріп, әр мерекенің тиісті дәрежеде өтуіне мемлекет аса назар берген болатын. Биыл, 18 наурыз – ұлттық киім күнінің қоғамда еленуіне және кең ауқымда танылуына әкімшілік пен мемлекеттік қызметкерлер қолдау білдіруде. Осы мерекенің қарсаңында, өзім театрда үлкен сән көрсетілім ұйымдастырамын. Ең әдемі киімдерімізді ұсынамыз. Он шақты модель алып барамын. Ішінде бесеуі қыз, бесеуі ер балалар.

“Әдемі-ай” компаниясының ұлттық киімді насихаттауға қосып жүрген үлесі зор. Тек сәндік мақсатта емес, патриотизмді арттыру, жастарға ұлттық құндылықтарды таныту үшін де ұлттық киімнің рөлі ерекше.

18 наурыз – Ұлттық киім күні қарсаңында өтетін сән көрсетілімі қазақы киімнің сұлу бейнесін паш етіп, оны күнделікті өмірімізге енгізудің маңыздылығын көрсететін жарқын оқиға болмақ. Ұлттық киімге деген сүйіспеншілік – мәдениетімізге, тарихымызға деген құрмет. Ендеше, төл киімімізді мақтан тұтып, күнделікті өмірімізде де кие білейік!

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату