Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 наурыз, 2025 / Аман ШАМАР / Сараптама

Ұлттық спорт үнемі ұлықтауды қажет етеді

Ұлттық спорт үнемі ұлықтауды қажет етеді, - деп хабарлайды newsroom.kz

Ұлттық спорт үнемі ұлықтауды қажет етеді
Фото: halyq-uni.kz

Ел экономикасын өркендетудің шетелден инвестиция құюдан кейінгі екінші жолы – туристерді тарту. Ол үшін  өңірлерде ішкі және сыртқы туризмді дамыту керек. Ал, оның кілті – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп келе жатқан ұлттық спортта. Бұл – біз тілдескен саятшылар мен атбегілердің пікірі. Олар елімізде саятшылар қауымдастығын құру қажет деп есептейді. Расымен де, соңғы кезде еліміздің батыс өңірінде ұмыт бола бастаған ұлттық спорт қаншалықты ұлықталып жүр?

Ат спортына атүсті қарамайық!..

Жалпы, елімізде ұлттық спортты дамыту үшін саятшылар қауымдастығын құру қажет. Ал, бұл жөнінде ат баптап, ар сақтаған атбегілердің ойы қандай екен? Осыны білмек болып, біз Қазақстан Республикасының ұлттық ат спортынан мемлекеттік жаттықтырушы, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Рамазан Сәттібайдың пікірін білген едік.

– Ұлттық ойын – қазақтың жаны. Ол болмаса, халық ауырады. Бүгін оны батыстан келген небір сұрықсыз мәдениет ығыстырып жатыр. Апырым-ай, о бастан жылқы қазақтың екінші есімі емес пе? Сәйгүліктің қан құрамының өзі де ерекше ғой. Әрі, иесіне әруақытта адал, есін білетін жануар. Бүркіт сияқты ол да өзін баптаушы адамның көңіл-күйін сезіп, үнсіз ұғып отырады. Жылқының табиғаты халқымыздың тыныс-тіршілігі мен мінезіне дөп келеді. Ал, оның адам денсаулығына пайдасы мен шипасы – бөлек әңгіме. Тез дайындалатын тағамдармен уланып жүрген қаланың баласы даланың дәмін татып көрді ме осы? Өзім бала кезден дала түзінің шапқанынан сүрінгеніне дейін көріп өстім.  

Ендеше, ұлттық спорт неге кенже қалуда? Кінәні өзімізден іздеуіміз керек. Ат спортына атүсті қараймыз. Халық мұрасы ұлттық ойындарға бай. Бәйгенің алты түрін былай қойғанда, көкпар, жамбы ату, қыз қуу, теңге ату, аударыспақ және тағы да басқа көптеген ойындар бар. Бәрі де ата-бабадан қалған мұра, тек өзімізге ғана тиесілі. Бірақ соңғы кездері оны да өзге елдің пысықай ғалымдары өздеріне теліп, «ұрлап» алып жатыр. Бір кездері ұлттық сусынымыз қымызды немістер, қазы-қартаны өзбектер, көкпарды қырғыздар еншілеп алыпты деген әңгімелердің де тарағанын білесіздер. Әзірге еліміздің оңтүстік аймақтары ғана дәстүрге берік, салтқа серік. Бірақ бұған бір жағынан қазақтардың ол жақта тығыз орналасқаны әсер еткен болар, - деп топшылайды белгілі спорт комментаторы.

Расымен де, сонау тың игеру заманынан бері темір жолдар, зауыт-фабрикалар салу, техникаландыру үрдісі дәурен құрған аймақ тұрғындары жылқының орнына велосипед мінді не темір тұлпарды тізгіндеді. Шынымен де, ауылдың өзінде малды қазір итпен емес, «джиппен» бағатын болды ғой. Өйтпегенде ше? Бұрынғыдай, ат үстінде қарына құрығы мен ақтабан сойылын іліп, тазысын ертіп мал бағу «модаңа» сай келмейді. Ал, оңтүстік өңірлерде ат былай тұрсын, есектің өзі күнделікті мініс құралына айналған. Көкпардың өзі кішкентай балалардың арасында сол есекке мінуден басталады.   

Батысқа да бәйге келді!

Көкпар демекші, қазір оған тартылатын серкені жасанды тұлыппен ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. Әйтпесе, көкпарды тамашалауға келген шетелдік меймандардың көзінше серкені бауыздап, қанын сорғалатып, оның үстіне алақан жайып бата берудің өзі – олар үшін жақсы әсер қалдыратын көрініс емес. Екінші жағынан, табиғат жанашырларына бұл қылық ұнай қоюы екіталай.

Бірақ мұнымен сақа ойыншылар келіспейді. Олардың айтуынша, қазақтың ықылым заманнан келе жатқан серкесі болмаса, көкпар да жоқ. Атырауда алғаш «жаппай көкпарда» кейбір аттардың дайындықсыз қатысқаны байқалып жататын. Осыны ескерген атбегілер енді аттарын баптауға кірісті, оларды құр қамшылай бермеуге,  тақымын қатты қыспай бүйірін босатуға үйренді. Өйткені, көкпарда атқарылар жұмыстың түгеліне жуығы сол сәйгүлікке тиесілі.

Бұл сөзімізді ұлттық спорт жанашары Өнербек Жанбала да қуаттайды.

Соңғы жылдары еліміздің барлық аймақтарында ұлттық спорт түрлері дамып келеді, - дейді ол. – Мәселен, еліміздің кей өңірлерінде ұлттық ойындарды дамытуға арналған спорт-мектеп клубы ашылған еді. Сөйтіп, ұлттық ойындардың тамырына қан жүгірді. Жасыратын несі бар, осы кезге дейін өңірлерде тұрақты көкпар командалары болған жоқ. Ал, қазір бар.

Өзім ұзақ жыл денсаулық саласында қызмет еттім, қазір еңбек демалысындамын. Сонау тоқсаныншы жылдардың аяғы, екінші мыңжылдықтың басында облыстық ұлттық ойын-спорт түрлері қауымдастығы құрылып, соған төраға болдым. Көкпарды дамыту мақсатында арнайы жаттықтырушы алдырып, команда құрып та көрдім. Әйтсе де, қаржы-қаражат жетпеді. Бірақ қосымша жұмыс ретінде қолға алған құсбегіліктен жақсы нәтиже шықты. Оған дәлел, атыраулық әкелі-балалы құсбегілер – Әбдікәрім мен Арман Қошқаровтар. Жастарды төл спортқа тарту үшін осындай үрдісті алдағы уақытта дәстүрге айналдырмақ ниетіміз бар.

Кейіпкер сөзінің жаны бар. Расымен де, өз өнерімізді өзіміз өрлетпесек, басқа кімге керек? Мәңгілік азық болар рухани мұрамызға қазақтан басқа кімнің жаны ашиды? Болашақта ұлттық спорт түрлері бойынша әр ауданнан ипподром ашсақ та, артық етпейді. Сонда бір кездері бәйге мен көкпардың дәурені дүркіреп тұрған Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға,  Махамбет секілді аудандарда тұрақты жарыстар өткізіп отыруға болар еді.

Сәйгүлігіңді баптасаң, сеніміңді ақтайды

Айтпақшы, осындай бөлімше қазір Қызылқоға ауданында құрылып та қойған. Соның ықпалымен ауданда шабандоздар шаң қаптырып, өнерлерін өрістетуде. Міне, ертең де олардан көп үміт күтіледі. Өзге өңірлерден келген азаматтарды енді осы жердің түлектері алмастыратын болады. Солардың бірі – Асқар Тоғаев.     

– Бала кезден спортқа жаным құмар. Соның ішінде самбомен айналысамын. Сонымен бірге, ат спортын да қатар алып жүрмін. Себебі, жаным да, қаным да, жүрегім де «қазақ» деп соғады ғой. Өзімді Қамбар ата тұқымына тартады да тұрады. Ақжар ауылында атқа мініп, кішігірім бәйге ұйымдастырып отырамыз. Астымдағы атымды бірнеше жыл бойы көкпарға баптап келемін. Есімі – Ахи, бес жастық. Оған ұлттық ойындар таңсық емес. Тек бабына сай баптаса, өзіне артылған үмітті ақтайды, - дейді ол.

Осы пікірді қостаған құрманғазылық көкпаршы Шахмардан Кенжеғалиев те тек Ұлыстың ұлы күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында ғана ұйымдастырылатын жарыстар күнделікті өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді. Ал, Атырауға Автстриядан келген қонақ, «НКОК» компаниясының осындағы өкілі Вольфганг Пробс осындағы көкпарға қатысып, үлкен әсер алатынын айтады. Оның сөзінше, ат үстіндегі ойындар Австрияда мүлде болмайды екен. Ол жақтағылар жылқы жануарымен бірге өнер көрсетуге болатынынан беймәлім. Климаттық жағдайлар мен ауа-райының ерекшелігіне қарай онда тек қысқы ойындар ғана тұрақты дамыған.     

P.S.: Міне, ендеше, алыс шетелдіктердің де таңдайын қақтырған ұлттық құндылығымызды сақтап қана қоймай, алдағы уақытта халықаралық дәрежеге дейін жеткізіп, жас буынға насихаттағанымыз абзал. «Өз буымызға өзіміз піспей», «қара қазанда дара қайнамай», өзімізді өзгелерге танытып отырсақ, артық болмас еді. Сонда ғана Қазақ елін барша әлем мойындайды. Тіпті, шетелдік саяхатшылар мен саятшыларды тарта отырып,  қазынаға да мол қаржы құяр едік. 

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату