Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Көктемгі аурулармен қалай күресеміз: дәрігерден кеңес

Көктем – табиғаттың жаңару кезеңі ғана емес, адам ағзасы үшін де үлкен сынақ. Бұл маусымда иммунитет әлсіреп, түрлі аурулардың белең алу қаупі жоғарылайды. Осыған қатысты, newsroom.kz тілшісі медицина ғылымдарының кандидаты, АСС профессор,  ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының директоры, эпидемиолог маман Айнагүл Қуатбаевадан сұхбат алған еді. 

Көктемгі аурулармен қалай күресеміз: дәрігерден кеңес
Сурет: ашық дереккөзден

Қыс бойы ағза қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді аз қабылдап, әлсірейді. Сонымен қатар, ауа райының құбылмалылығы, ылғалдылық пен температура ауытқулары денсаулыққа әсер етеді. 

Эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева Көктем мезгілінде адамдардың созылмалы аурулары қоза бастайтынын айтады.

“Әсіресе, 20-21 ғасырда кең орын алып жатқан – «адинамия», яғни, қыс мезгілінде қозғалыс белсенділігінің айтарлықтай төмендеуінен күш күрт төмендеп, бұлшықет әлсіздігі байқалады”, дейді ол.

Эпидемиолог маман жұқпалы аурулардың болу қаупіне көбірек назар аударды. Себебі, адинамия жағдайында жұқпалы ауралды жұқтыру қаупі жоғарылайды.
Жіті респираторлық аурулар (ЖРА) – тыныс алу жолдарының вирустық немесе бактериялық инфекциялары салдарынан пайда болатын жедел (жіті) аурулар тобы. Бұл аурулар әдетте қысқа мерзімде басталып, тұмау, суық тию, бронхит, ларингит, тонзиллит (ангина), фарингит және пневмония сияқты тыныс алу жүйесінің әртүрлі бөліктерін зақымдауы мүмкін.

Маманның айтуынша ЖРА-ның негізгі белгілері:
•    Мұрын бітелуі немесе су ағуы
•    Тамақтың ауыруы
•    Жөтел (құрғақ немесе қақырықты)
•    Дене қызуының көтерілуі
•    Бас ауруы
•    Әлсіздік, шаршағыштық
•    Кейде бұлшықет және буын аурулары. Созылмалы аурулары бар науқастарда ЖРА ауыр жағдайда, асқынумен қатар жүруі мүмкін.

“ЖРА-ның алдын алу шарасының ең негізгілерінің бірі ретінде қыркүйек-қазан айларында медицина мамандары, созылмалы аурулары бар кісілер мен жүкті әйелдерге тұмау, корановирусқа қарсы вакцинация алуды кеңес етеміз”, деді ол.

ЖРА-ның алдын алу жолдары:
•ЖРА ауырып жүрген науқастармен байланыспау немесе маска тағу. 
•Қолды жиі жуу және гигиенаны сақтау
•Иммунитетті нығайту (дұрыс тамақтану, дәрумендер қабылдау, спортпен шұғылдану)
•Ауа райына сай киіну
•Адам көп жиналатын жерлерде маска тағу
•Тұмауға қарсы вакцина алу

ЖРА көбінесе жеңіл түрде өтеді және арнайы емді қажет етпейді, бірақ ауыр жағдайларда асқынуларға әкелуі мүмкін (мысалы, өкпенің қабынуы – пневмония). Егер жоғары температура ұзақ сақталса, дем алу қиындаса немесе басқа да ауыр белгілер байқалса, дәрігерге қаралу қажет.

“Алайда, үйде біреу ауырып қалса, бірден ауруханаға бармай, үйге дәрігер шақыру керек. Себебі, ауруханада жүрген дені сау пациенттерге ЖРА-ды жұқтыруыңыз мүмкін”, деп ескертті маман.

Сонымен қатар, антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамауға шақырды. 

Аллергиядан қалай сақтануға болады?  
Көктемде аллергиясы бар адамдар үшін қиын кезең басталады. Мамандар аллергиядан қорғану үшін мына кеңестерді ұсынады:  
- Өсімдіктер көп гүлдейтін уақытта үйдің терезесін жауып, ылғалдандырғыш қолдану.  
- Көшеден келген соң киімді ауыстырып, бет пен қолды жуу.  
- Аллергияға қарсы дәрігер тағайындаған антигистаминдік дәрілерді қабылдау.  
- Иммунитетті көтеріп, дұрыс тамақтану.  

Көктемде жиі жіберілетін қателіктер
Көктемде көптеген адамдар денсаулыққа қатысты мынадай қателіктер жібереді:  
- Киімді тым ерте жеңілдету, салқын тию қаупін арттырады.  
- Диетаға шамадан тыс көңіл бөліп, қажетті дәрумендерді жеткілікті мөлшерде алмау.  
- Аз қимылдау, серуендеуден қашқақтау.  
- Қатты шаршап, ұйқы режимін бұзу.

Сондай-ақ, көктемгі күйзеліс пен депрессияны болдырмау үшін табиғатта серуендеу, медитация жасау, хоббимен айналысу пайдалы.  
Көктем – ағза үшін маңызды кезең. Бұл уақытта денсаулыққа немқұрайлы қарамай, иммунитетті нығайту шараларын қолға алу керек. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, стресс пен шаршаудан арылу – көктемгі аурулардың алдын алудың басты жолдары. Ең бастысы – ағзаңызды тыңдап, оған қажетті күтім жасауды ұмытпаңыз!

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату