Дәрігерлер науқасқа “полиоргандық жеткіліксіздік” диагнозын қойған. Ол санитарлық тікұшақпен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады. Жалпы үш кенші медициналық көмекке жүгінген, олардың екеуі жағдайы жақсарған соң үйіне жіберілген.
Ақтөбе облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жандос Әлімов оқиғаның нақты себептері бір ай ішінде анықталатынын мәлімдеді.
Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясы марқұмның отбасына толықтай материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетінін хабарлады.
«Қаза тапқан жұмысшының туыстарына 10 жылдық орташа еңбекақы көлемінде өтемақы төленеді. Сонымен қатар жерлеу рәсіміне қаржылай көмек көрсетіледі. Компания марқұмның балаларының оқу ақысын өтеп, қажет болған жағдайда отбасы мүшелерінің бірін жұмыспен қамтуға көмектеспек. Бұдан бөлек, ҚР заңнамасына сәйкес, еңбек міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына сақтандыру төлемдері қарастырылған», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, ақпан айында «Болашақ» шахтасында ауаның тұтануы салдарынан төрт кенші дене күйігін алған еді. Құзырлы органдар өндірістік қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.