Алғашқы төрт айда көпір арқылы 170 мыңға жуық автомобиль өткен. Яғни, күн сайын 1,5 мыңға жуық көлік көпірді пайдаланады. Бұған дейін аймақ тұрғындары 500 шақырымға дейін айналма жол жүруге мәжбүр болғанын айта кеткен жөн. Бұл жол жүру уақыты мен көлік шығынын едәуір арттырды.
Көпірдің құрылысын Шығыс Қазақстан облысындағы отандық компания жүзеге асырды. Бұл өңірде жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, жергілікті ресурстарды, мамандарды тартуға мүмкіндік берді.
Жоба озық инженерлік технологияларды қолдану арқылы және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.
Көпірдің жалпы ұзындығы - 1316 метрді, ені - 12,2 метрді құрайды. Бір жағында жаяу жүргіншілер жолағы салынған. Қысқы кезеңде конструкцияны қорғау үшін тіректердің әрқайсысында зақымданбайтын арнайы мұз кескіштер орнатылған.
Сонымен қатар су бетінен көпірге дейінгі қашықтық 18 метрді құрайды. Бұл навигация кезеңінде кемелердің көпірдің астынан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірде 102 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 62-сі көпірдің жоғарғы бөлігінде, 40-ы көпір асты аймағында орналасқан. Камералар онлайн режимінде жұмыс істейді, бұл жолдың жағдайын үнемі бақылауды қамтамасыз етеді.