«Эйр Астана» – «аспандағы құдай ма»?
Мәжіліс мінберінде сөз алған Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин әуе билеттерінің шарықтап кетуіне наразылық білдіріп, «Эйр Астана» компаниясын «аспанның құдайы болып алған» деп сипаттады. Депутаттың пікірінше, уақыт жақындағанда билет бағасы арзандауы тиіс, бірақ «Эйр Астана» керісінше бағаны көтеріп жібереді. Ол бұл мәселені майшаммен қарау қажеттігін баса айтты.
«Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз, мемлекеттің заңына бағыну керек. Билет бағасын шарықтата бермей, халық мүддесін ойлаңыз. Бұл – Қазақстан Парламенті, Африкадағы аборигендер емеспіз!», – деді ол.
Депутат «Эйр Астананың» 12 сағатқа кешіктірген рейсі үшін өтемақыны әлі күнге дейін ала алмай жүргенін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, компания өтемақы төлеуді тым күрделендіріп тастаған.
Режиссердің сыны: «Ғылыми дәйекпен келмеді»
Әлеуметтік желі белсендісі, танымал режиссер Жандос Құсайын бұл мәселеге қатысты өз ойын ашық білдірді. Ол «Эйр Астана» нағыз монополист екенін, компанияның баға саясатына өзі де наразы екенін жасырмады. Алайда режиссер депутаттың Парламент қабырғасындағы мәлімдемесін «арзан популизм» деп атап, «қарымта жауап үшін нақты ғылыми негіз, сараптама жоқ» деп сынады.
«Бізге керегі әуе компаниясындағы бассыздықтың жойылуы. Баға саясатының реттелуі. Нақты іс-шаралар кешені. Ол үшін эмоция емес, ҒЫЛЫМИ подход керек.
"Осы балам осындай болды" демекші, депуттарымыз неге арзан популизмге құмар болды екен...», – деп жазды режиссер.
Режиссердің айтуынша, депутат жеке реніш пен «шаңыраққа қара» сынды ұран тастаумен шектелген. Оның ойынша, мұндай ұраннан нақты нәтиже шықпайды.
Қазіргі таңда депутат Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин режиссердің сынына әзірге үн қатқан жоқ.
Ал «Эйр Астана» өкілдері ресми түсініктемені кейінірек беретінін мәлімдеді. Дегенмен компания басшысы Питер Фостердің Мәжілістегі езу тартуы қоғамда біраз сынға ілігіп үлгерді.
Еділ Терекбайұлы Парламент қабырғасындағы қатқыл сыны көпшіліктің көңілінен шыққанымен, оны режиссер Жандос Құсайын «популистік мәлімдеме жасады» деп сынады. Депутаттың айтуынша, «Эйр Астана» – «аспанның құдайы», ал режиссер «бізге ғылыми негізделген ұсыныс керек» дейді. Қос тараптың да өзіндік дәлелі бар, тек басты мәселе – халықтың қалтасын қаққан әуе билеттерінің құны мен қызмет сапасы болып отыр.
Мәселенің қалай шешілері әзірге белгісіз. Ұлттық компания ма, әлде жеке монополист пе – «Эйр Астанаға» мемлекет тарапынан нақты талаптар қойылса ғана, жай уәде емес, шынайы өзгерістер болуы мүмкін. Ал бұл бағытта депутат пен режиссердің диалогы жалғаса ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді.