Ғылыми семинарға сонымен қатар еліміздің белгілі шығыстанушы ғалымдары, жетекші аудармашылары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары қатысады. Семинарда негізгі қаралатын мәселе - еліміздің Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың "Слово об отце" кітабының қазақ, қытай және ағылшын тілдеріндегі аудармаларына салыстырмалы түрде талдау жасай арқылы аудармадағы лингвомәдени факторларды талқыға салу.
Қ.-Ж. Тоқаевтың "Слово об отце" шығармасы – әдеби-публицистикалық шығармалардың бір түрі - мемуар жанрының үздік дәстүрлерін негізге алып жазылып шыққан шығарма. Бұл кітаптың магистратура мен докторантурада «Аударма ісі» мамандығы аясында өтетін пәндерге оқу материалы ретінде таңдалынып алынғаны кездейсоқ нәрсе емес. Кітап еліміздің Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың отбасы тарихын сипаттап қана қоймай, оқырманды қазақ халқының ХХ ғасырдың басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымен, мәдениетімен, тілдік ерекшеліктерімен таныстырады.
Естелік ХХ ғасырдың басындағы Кеңес Одағындағы халықтардың тұрмыс салтынан, өмірлік ұстанымдарынан, мәдениетінен, дүниетанымынан хабардар етеді. Шығарманың өн-бойынан жиі кездесетін лингвомәдени бірліктер өзге тілдерге аудару барысында мәдени бейімдеуді талап ететін, аударма тәжірибесі үшін ең қиын мәселе болып есептеледі. Семинар барысында профессор Ф. Н. Дәулет және оның шәкірттері түпнұсқа мәтінді оның қазақ, қытай және ағылшын тілдеріндегі аудармаларын салыстыра талдау арқылы кеңес дәуіріндегі адамдардың өмір салты, дүниетанымынан, қоғамдық өмірінен хабардар ететін этномәдени лингвомәдени бірліктерді типологиялық және туыстық жағынан алшақ жатқан тілдерде бейнелеу ерекшеліктерін паш етеді. Семинарда сонымен бірге қазіргі замандағы педагогика ғылымының өзекті мәселелердің бірі болып саналатын - оқыту процесін патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру ісімен ұштастыру мәселелері талқыланып, аталмыш бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру жолдары көрсетіледі.
Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет Қазақстан Республикасының белгілі қытайтанушысы, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми бағытта жазылған 200-ден астам еңбектің авторы, «ЖОО-ның үздік оқытушысы», «Үздік қытай тілі оқытушысы» республикалық конкурстарының жеңімпазы, «Болашақ» халықаралық білім беру грантының иегері болып табылады. Қазіргі таңда Ф.Н. Дәулет өз шәкірттерімен бірге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы базасында аудармадағы лингвомәдени факторларды арнайы зерттейтін ғылыми мектептің негізін қалап жатыр.