Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 желтоқсан, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 13 пайызға төмендеген

Алматыда 3 күнде заңды өкілдерінсіз көше кезген 27 жасөспірім есепке қойылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 13 пайызға төмендеген
Фото: Tengrinews

Биылғы жылдың 10 айында түнгі рейдтердің арқасында 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы, 2024 жылдың басынан бері төрт жүзден астам жасөспірім полиция есебінде тұр.

«Бақылаусыз жүрген жеткіншектер қарашаның 26-сы мен 28-і аралығында өткен жедел профилактикалық іс-шара аясында анықталған. Сондай-ақ, рейд жұмыстары кезінде перзентінің тәрбиесіне көңіл бөлмеген 23 ата-ана да есепке алыныпты. Жалпы бұл науқанның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында қылмыстың жолын кесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу», - дейді тәртіп сақшылары.

Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілсіз тұрғын үйден тыс жерде жүретін жасөспірімдерді анықтап, оларды заңды өкілдеріне тапсырамыз. Алькогольдік ішімдіктерді пайдалануды алдын алу іс-шарасын өткізіп, сондай фактілерді анықтап, өзіміздің тарапымыздан шара қолдандық. Есепте тұратын жасөспірімдер мен қолайсыз отбасылардың тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексеру жұмыстарын өткізіп, жүйелі түрде профилактикалық әңгіме өткіземіз, - деп Полиция департаментінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Венера Сисенова хабарлады.

Айта кетейік, жыл басынан бері дәл осындай 7 жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 418 жасөспірім мен 559 әлеуметтік аз қамтылған отбасы есепке алыныпты.