Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

“Денесі көгерген”: Ақтауда қызды соққыға жыққан күдікті ұсталды

Ақтауда қызды аяусыз ұрып тастаған ер адам қамауға алынды, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

“Денесі көгерген”: Ақтауда қызды соққыға жыққан күдікті ұсталды
Фото: видеодан кадр

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласының полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деп күдіктелген ер адамды анықтап, ұстады.

Прокуратураның нұсқауы бойынша күдікті Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы іс бойынша тергеу жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Айта кетелік, бұған дейін әлеуметтік желіде ер адам қызды аяусыз ұрған видео тараған болатын. 

Желідегі ақпараттар бойынша, оқиға Ақтаудағы дәмхананың алдында болған. Кадрларда ер адам қызға қол көтеріп, жерге құлатқаны көрінеді. Кейін оқиға куәгерлері қызға ара түскенімен, ер адам оны алып кетеді.

"Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіп, денесі көгеріп, өлім аузынан қалған. Құрбыларының айтуынша, жігіт бірнеше айдан бері қыздың ізінен қалмайды, аңдиды. Жәбірленуші талай арыз жазғанымен, полиция ешқандай шара қолданбайды, себебі ол жігіттің органдарда жұмыс істейтін досы бар екен. Жәбірленуші қыздың құрбыларына шығып та қорқытқан", - деп жазылған әлеуметтік желідегі топтардың бірінде.