Төңкерме
Төңкерме тез әзірленетін әрі жеңіл тамақ. Қызып тұрған қазанға бидай ұнын себелей отырып қуырып, басқа ыдысқа салып алады. Сосын қазанға малдың құйрық майын турап шыжғырады. Еріген май үстіне су, сүт құйып, әлгінде қуырылып, дайын тұрған ұнды қосып, тұз салып араластырады. Бұлар толық араласқанда қоюланып, дәмді әрі жұп-жұмсақ төңкерме дайын болады. Бұл тамақты табаққа салып, қасықпен жей беруге болады.
Түте
Халқымыздың ұлттық тағамдарының бірі – түте. Бұл жаугершілік заманда ойлап табылған тағам түрі болса керек. Етті әбден мейіздей қылып сүрлейді де, тұз сіңіп, қатып қалған соң, алдымен балтамен жентектеп шабады. Сонан соң келіге салып, түте түтесін шығарып түйеді. Бұл түте, әсіресе, жолда келе жатқанда тойымды тамақ саналған. «Аттың жалы, түйенің қомында» келе жатып, қоржынындағы түтеден алып, бірер толғаса, өзегі талмай жүре береді деседі. Бұл да - мүлде ұмытылған тағамымыздың бір түрі.
Балқаймақ
Қазақ дастарқанында бүгінде сирек көрінетін бұл тағам кәдімгі қаймақтан жасалады. Жаңа тартылған қаймақты шағын ыдысқа салып, оны май болып сұйылып кетпейтіндей жағдайда баяу қайнатады. Қайнау сәтінде аздап бал, ақ ұн сеуіп, араластырып отырады. Сәл суығаннан кейін кімге болса да, ұялмай алдына қоюға болатын тағамға айналады. Қазақ салтында сары май, балқаймақ, ақлақ жеген қонақтар «бізге ет асып бермедің» деп ренжімейтін болған. Қайта жеңсік тағам бергені үшін риза болып аттанған. Балқаймақ емге де қолданылады. Мұны емшілер әдейі түрлі қоспа жасап дайындаған.
Жөргем
Жөргем ішек қарыннан жөргемдеп дайындайды. Тұздап, кептіріп отқа қарып жесе де болады. Өте пайдалы әрі құнарлы ас, дәрумендерге бай.
Қарын бөртпе
Аты айтып тұрғанындай, бұл қарынға салынып пісірілетін ұлттық тағам. Оны пісіріп дайындау үшін жас ет туралады. Сүйектері ұсақталып шабылады. Сосын айналдырылған қарынға тұз, бұрыш, жуа қосылып, аузын мықтап буады да қазанға салып, суға қайнатады. Оның дәмі қазанға асқан еттей емес, дәмді, хош иісті әрі жұмсақ болады. Қарынның ішінде пісірілгендіктен, өз нәрі өзіне сіңеді. Бұл да кәделі тағамдар қатарына жатады.
Бұқпа
Бұқпа – жазда марқаның етінен пісірілетін дәмді, әрі жеңсік тағамдардың бірі. Кейде бір үйге сирек келетін, шақырып келтіре алмайтын сыйлы азаматтар келіп қалады. Қонақтардың уақыты тығыз болған жағдайда сыйлы қонаққа бас тартылғанмен пара-пар жеңсік ас бұқпа ұсынылған. Қымыз сапырылып, шай қайнап жатқанда, үй иесі бір марқаны сойып, «бұқпа» әзірлей береді.
Марқаның терісі сыпырылғаннан кейін, жіліктері мен омыртқалары өткір балтамен шабылады да қазанға салынады, аздап су құйылады. Қазан беті тығыз жабылады да, ет өз буымен піседі. Кейде оның дәмін арттыра түсу үшін қаймақ та салған. Піскен етті нан салмай-ақ қонақтар алдына қояды.
Май шұрқан
Бұл тағамға қазақтар семіз ет, құйрық шарбы, өкпе, бүйрек қосып қайнатып тұз, сарымсақ, бұрыш салып, үстіне талқан немесе ұн, құрт қосып, майлы тұздығымен жеген. Бұл тағам көбінесе жорықта, жылқы қостарында әзірленген. Бұдан соң май шұрқанды қамырдың ортасына ұсақ туралған майлы ет немесе жанышталған ет салып пешке де пісіруге болады. Майшұрқанды пешке салып пісірерде мүмкіндігіне қарай, ұнды суға емес, сүтке, ол болмаса, жас сорпаға илесе, дәмді және құнарлы болады.