Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Қаржы

Қарыз қаражат тапшылығын шешпейді

Адамдар кредит аларда болашақта оны қалай төлейтіндігіне бас ауыртпайды.

Қарыз қаражат тапшылығын шешпейді
Фото: ru.freepik.com

Естеріңізде болса, елімізде халық саны 20 миллионға жеткен кезде бөркімізді аспанға атып қуанған едік. Ал, соның тек жартысы ғана экономикалық белсенді болып саналатынын білесіз бе?

Яғни, бұл 10 млн қазақстандық қана ресми жұмыс жасайды деген сөз. Оның ішінде, 8 млн халықтың мойнында кредит бар және соның сегізден бірі төлеу мерзімін 90 күннен асырып алған.

Мамандардың айтуынша, халық тұтынушылық несие алуға құмар. Ал, кәсіпкерлік бағытта беріліп жатқан қайтарымсыз немесе жеңілдетілген қаржыны елей бермейді. Айталық, алматылықтар шағын және микро бизнесті дамытуға 2,6 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алған. Атап айтқанда, «Almaty Finance» еншілес ұйымы (Алматы ӘКК компаниялар тобына кіреді) «Almaty» микроқаржы ұйымы биылдың өзінде «оңтүстік астана» тұрғындарына шағын және микро бизнесті дамыту үшін сексеннен астам жеңілдетілген несие берген. Несиелердің ең көп бөлігін өндіріс және өңдеу (30%), денсаулық сақтау (17%), білім беру (10%), халыққа қызмет көрсету (10%), туризм (6%), әлеуметтік кәсіпкерлік (6%), сонымен қатар креативті экономика (5%) салаларында жобалары бар кәсіпкерлер алған. Ал, енді тұтынушылық кредитке келсек, оны алғандар қарыз қамытынан құтыла алмай жүрген жайы бар...

Ендеше, сол қарыздан құтыла алмай жүрген жандардың бүгінде банк есепшоттары бұғатталып отыр. Енді олар не жалақы, не кредит ала алмайды. Мамандар мұндай тыйымды сот қаулысы негізінде тек сот орындаушы ғана қоя алатынын айтады. Қазір осындай жағдайға душар болғандар «Қарызсыз қоғам» жобасының кеңсесіне келіп бес күндік оқытудан өту арқылы тегін заңгер көмегін алып жүр. Бұл туралы бізге аталған жобаның менторы Ақан Қайырғалиев айтып берді. 

– Банктен қарыз алған соң, оны қалайда еселеп қайтару қажет болады. Себебі, банк те кәсіпкердің бірі ғой, ол да табыс табуды ойлайды. Міне, азаматтарымыз осы жағын ескермей жатады. Біреулер тіпті жалақыны қолма-қол алсақ мәселе шешіледі деп ойлайды. Осылайша, өздерінің зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорларына қазірден қол сұғып жатыр. Ал, қарыз қайтарылмай шот ашылмайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Керек десеңіз, қазір жұмыс берушілер азаматтардың банктегі есепшоттары бұғатталмағаны жөнінде анықтама сұрайтын болды. Мұның бәрі тектен-тек емес.

Тағы бір мәселе, адамдар кредит аларда болашақта оны қалай төлейтіндігіне бас ауыртпайды. Мәселен, Теңіз, Қарабатан секілді ірі кен орындарында ауысыммен жұмыс жасап жүргендер ағымдағы жалақы есебінен миллиондап несие рәсімдеп, кейін қысқартуға ұшырады. Енді қарыздан құтыла алмай жүр. Дәл осылай алдағы уақытта қиындыққа тап бола қалған жағдайда кредитті төлей алу мүмкіндігін ойлау керек. Сондықтан маман ретінде айтар ақылым, несие алғанда ай сайынғы төлем мөлшерін жалақының 20 пайызынан асырмаған дұрыс. Кейін сын сәтте өзіңізге жеңіл болады, - дейді ол.

Былтыр «Amanat» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының тек борышкерлерге ғана емес, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыруға да көмегі көп екен. Жоба Алматы, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде енгізіліпті. Нәтижесінде, 65 мыңға жуық адам арнайы курстан өтіп, сауат ашқан. Ал, биыл еліміздің барлық аймағы мен үш респуликалық маңызы бар қаласында жалғасын табуда.