«Mangystau Oil Refining» компаниясының директор орынбасары Қуаныш Тайгуков отандық өндірісті қолдауды үкімет үзбеуге тиіс екенін айтты.
– Былтыр осындай уақытта біздің компания шағын қуатты зауыт сатып алды. Түркістан облысында орналасқан «STRATUS-Oil» кәсіпорны жылына 250 мың тонна өнім береді. Үш жыл бұрын банкрот деп танылып, содан бері қарай тоғыз рет саттыққа шығарылған. Құнын қанша төмендетсе де, бізге дейін ешкім қызығушылық таныта қоймаған. Ақыры оны біз 2 млрд теңгеге сатып алдық. Бұрынғы қожайыны Мақсат Тасболатов банкроттық пен сатылымға қатысты сотқа шағым түсірді. Бұл іс қазір Жоғары сотта қаралып жатыр. Ал шындығына келсек, бұрынғы зауыт иесі жалақы төлемей, жұмыс орындарын қысқартып тастаған. Қазір онда алпысқа жуық адамды жұмысқа орналастырдық. Алға қарай тағы отыз адам қосылады.
Менің ойымша, отандық өндіріске қолдау жалғаса беру керек. Егер отандық өндірістің өркендеуіне қолдан кедергі жасалмаса, Қостанай секілді дизель отынына жарымай жатқан аймақтардың біразын жанармаймен жарылқауға болар еді. Біздің айқайымызды жоғары жаққа журналистер жеткізеді деп сенемін, - дейді Қуаныш Тайгуков.
Біз зауыт ішін аралай жүріп, көмірсутек шикізатын қайта өңдеу цехына бас сұқтық. Цех басшысы Алексей Райгородский нафтаны сатуға тыйым салу – Үкімет тарапынан жасалған ең үлкен қателік деп санайды. Себебі, бұл жергілікті компанияның одан әрі өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді.
«Кейбір жер қойнауын пайдаланушылардан мұнай алу үшін құбыр жүргізуге тура келеді. Бұл бойынша талай келіссөздер де жүргізілді. Бірақ, бұған «алдымен өндіріс қуатын арттыру қажет» деген жауап алдық. Ал Үкіметтің өзі тұяғымызға тұсау салып, тыпырлатпай тұрса, қайдан қалай қуат аламыз? Осыдан соң тұрақты даму туралы әңгіме айту тіптен қиын ғой. Сондықтан белгілі бір қаулы шығармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек-ақ! Отандық өнім өндірушілерге осылай қасақана қолдан қиындықтар жасала берсе, экономика көп ұзамай тығырыққа тіреледі. Олай болса, қазірден мұнай химиясын жөнге салып алу керек. Әйтпесе, ісіміз алға баспайтыны айдан анық» дейді цех басшысы.
...Иә, етек жиып, ес жиып егемен ел атанғалы талай өркениетті елдермен терезе теңестіріп, тәжірибе алмастық. Міне, соның бәрі жер астындағы «қара алтынның» қадір-қасиетінің арқасында келді десек, артық айтқандық болмас. Ғасырдан аса уақыт ішінде «қара алтын» Қазақ елінің абыройын асқақтатып, беделін биіктетті емес пе? Ендеше, озық отыз елдің тізімінен табылғымыз келсе, мұнай-химия саласын дамыту керек. Демек, осы саладағы отандық өнім өндірушілерге мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Осындай оймен біз «Mangystau Oil Refining» зауытының еңбекқор ұжымымен қимай қоштастық...