Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Қазақстан мұнай өндірудің үшінші буынына қадам басты

"Өндіріс толықтай автоматқа көшуі керек".

Қазақстан мұнай өндірудің үшінші буынына қадам басты
Фото: ru.freepik.com

Біздің шетел тәжірибесінен түйеріміз әлі көп. Әсіресе, өндіріс пен өнеркәсіпті толықтай автоматты жүйеге көшіруге күш салу керек. Себебі, ғалымдардың болжамынша, жер қойнауындағы шикізат енді азаймаса, көбеймейтіні анық.

Осыған дейін әлем елдері жарыса жүріп мұнай өндірсе, енді оны өңдеуге бет бұруда. Яғни, алдағы уақытта мұнай химиясының алтын дәуірі туып жатса,  таң қалмаңыз.

Өндіріске оралсақ, қазір Қазақстан «қара алтын» өндірудің үшінші буынына қадам басты. Жер қойнауын қазған сайын, ондағы қазынаны алу да қиындап тұр. Сайып келгенде, мұның бәрі қомақты қаражатты талап етеді. Демек, мұнай алудың тиімді тұстарын тапқан дұрыс. Олай болмаған жағдайда, өңдеу өнеркәсібін өркендету керек. Тығырықтан шығудың төте жолы жоқ.  

Бұл бағытта бірде-бір жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге тағы болмайды. Жергілікті мұнай компанияларына жастарды өндіріс ошағында оқытудан өткізуге тапсырма берілген болатын. Сондай-ақ, баяғы топтық оқытудан гөрі қазір жекелей білім беру анағұрлым тиімді. Өндіріс барысының күрделене түсетінін түсінген кей мемлекеттер мұнайдан бас тартып, тіпті, электр энергиясын тұтынатын құралдар шығарып, газбен жүретін көліктерге көшуде. Екінші жағынан, экологиялық стандартқа қойылар талап та күшейіп келеді. Осылайша, «экологиялық аудитор» секілді жаңа мамандықтар да пайда болуда.

– Жалпы, адам баласын бір жұмыста ұстап отыру мүмкін болмай бара жатыр. Жұмысшылар жұмыс жасауға жайлы орта болғанын қалайды. Оларға, тіпті, бұрынғыдай жалақы да маңызды емес. Егер ұнамаса, басқа қызметке кете салады. Сондықтан, енді ірі компаниялар өз ішінен оқу орталықтарын ашуға тырысады. Бұл жаңа технологияны тез меңгеріп кету үшін де керек. Мысалы, дамыған елдерде бұрғылау жұмыстарына адам тікелей араласпайды. Оны енді робот алмастырды. Техниканың өзі жерге жастанып, шикізат іздейді. Сөйтіп, «ақылды үй» секілді «ақылды» ұңғымалар мен кен орындары пайда болуда, - дейді сұхбаттасушымыз.

P.S. Айтпақшы, қазір ел ішінде «жаңа кен орнын ашу керек пе, әлде, қазынаны қиын қабаттан қазудың тың тәсілін тапқан дұрыс па?» деген бағытта пікірталас қызу жүріп жатыр. Селкеусіз сеніп келген баламасыз байлықтың бәсі де бәсеңдеп барады. Шикізатты арзан бағаға сату тым тиімсіз. «Қара алтын» қоры тек біздің елде ғана емес, басқаларда да жетіп жатыр. Тек соны өңдеу керек. Міне, ең маңызды мәселе осында болып тұр ғой.