Ұлттық банктің деректері бойынша, 2024 жылдың 3-тоқсанында халық екінші деңгейлі банктер мен бейбанктік айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 475,5 кг болатын 13 940 дана өлшенген алтын құймаларын сатып алған. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 381,5 кг жалпы салмағы бар шамамен 8,5 мың құйма сатылған болатын. 2023 жылдың 3-тоқсанымен салыстырғанда құймалар саны 65%-ға, ал салмағы 24%-ға өскен.
Негізінен өлшенген құймаларға 2024 жылдың 3-тоқсанында Алматы қаласында (8 101 дана, 58%), Шымкентте (1 279 дана, 9%) және Астанада (1 243 дана, 9%) сұраныс болған.
Сонымен қатар, Ұлттық банк халық үшін афинирленген алтынның өлшенген құймаларын сату және сатып алу бағдарламасы басталғалы бері, 2017 жылдан бастап, жалпы салмағы 7,4 тонна болатын 199 235 алтын құйма сатылған. Бағдарлама басталғалы бері кері сатып алынған өлшенген құймалардың жалпы саны 1,1 тонна салмағы бар 41 058 дананы құраған. Бұл жалпы сатылған өлшенген құймалар көлемінің 21%-ын құрайды.
Айта кететін жайт, 2024 жылдың 3-тоқсанында алтынның орташа құны 1 грамға 37,9 мың теңгені құрап, 2024 жылдың 2-тоқсанымен салыстырғанда 12,7%-ға өскен. Ақшаға шаққанда, 2024 жылдың 3-тоқсанында сатылған алтын көлемі 37,8 млн АҚШ долларын құрап, 2-тоқсанға қарағанда 35%-ға азайып, бұл ағымдағы жылдың ең төменгі көрсеткіші болды. Есептеулер кезінде алтынның орташа құны және USDKZT орташа айырбастау бағамы ескерілген.
Бағалы металдың құнының рекордтық өсуіне байланысты оған деген сұраныс айтарлықтай баяулаған болуы мүмкін. 3-тоқсанның деректері ағымдағы жылдың ең төменгі деңгейін көрсеткенімен, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады.