КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

Жұмысшы дегеніміз – қарапайым еңбек адамы.

Фото: ru.freepik.com

«Салалық мәдениет, ақпарат, спорт және туризм қызметкерлері кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетовтің пікірінше, кәсіптік одақтардың басты міндеттерінің бірі – жұмысшы қауымның мүдделері мен еңбектерін қорғау.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан:  заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы көптен бері жүректе жүрген келелі мәселелерді қозғады, - дейді ол. – Соның ішінде халықты әлеуметтік жағынан қолдау саясаты өте өзекті де салмақты мәселе. Өйткені, ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру – мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі. Осы тұрғыда Президент өзі бұрыннан айтып келе жатқан мәселеге қайта оралуы бәріміздің де көңілімізден шықты.  Осыдан соң Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Әрине, бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадамдардың бірі.

 «Салалық мәдениет, ақпарат,  спорт және туризм қызметкерлері кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалы ұжымы Жолдауда айтылған ауқымы зор және аса жауапты міндеттерге қолдау білдіріп, алдымызға үлкен міндеттер қойдық. Шын мәнінде, кәсіптік одақтардың басты міндеттерінің бірі – жұмысшы қауымның мүдделері мен еңбектерін қорғау. Біз  ұдайы назарға алып келгеніміздей, алдағы уақытта да жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттай береміз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.  Сондықтан Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елге қажетті кадрларды көбейтуді ұсынып отыр. Бұл бізге де зор  жауапкершілік жүктейді. Өйткені, кәсіп­одақ әу бастан жұмысшы мамандардың қорғаушысы, жанашыры.  Біз алдағы уақыттарда әрбір еңбек ұжымына барып, Жолдауды жан-жақты насихаттауды қолға алмақпыз. Еңбекқорлық, кәсібилік бүгінгі күннің ең қажетті қасиеттері. Сөз жоқ, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Ал, ұлт сапасының жақсаруы дәл қазіргі кезеңде ең өзекті мәселе екені белгілі.

Жұмысшы дегеніміз – қарапайым еңбек адамы. Дегенмен, бұл салада  айлық еңбекақы төмен. Қарапайым жұмысшы кез келген саланың ауыр жүгін көтеріп кете алатын мамандық. Ал, көптеген ата-ана балаларының ауыр жұмыс істегенін қаламайды. Сондықтан да олар диплом алсын деп балаларын жоғары оқу орындарында оқытуға әуес.  Қалай болғанда да институт, университет бітіргендердің барлығы дерлік білікті маман, шебер ұйымдастырушы, көреген басшы болып кете алмайды. Көріп те жүрміз, қолында дипломы барлардың бірталайы  басқа жұмыстарда. Әрине, оқыма, білім алма демейміз, бірақ қоғамға қажет мамандықтар бойынша талпынған жақсы.

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей, ендігі жерде түрлі саладағы жұмысшыларға құрмет көрсетіледі. Бәсекеге қабілетті экономикаға ие озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалауымыз керек. Ал, біз осы адал еңбек етіп жатқандармен етене араласып, олардың мүдделерін қорғауымыз керек. Жолдауда «инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады» делінген. Иә, еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы барлық кәсіп иесіне шабыт береді, олардың абырой-беделін көтереді.

Жолдаудағы жұмысшы мамандықтарын қолдау туралы айтылған жәйттер біздің де ойымыздан шығып отыр және оны қолдаймыз.

Жүктелуде...