Сыр елі саламатты өмір сүруде

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салу жоспарланған.

Фото: gov.kz

Соңғы кездері Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында ілкімді істер мен оң өзгерістер байқалып келеді. Мұны жаңадан бой көтеріп жатқан медициналық нысандардың жылдан-жылға артуынан айқын аңғаруға болады, – деп хабарлайды newsroom.kz

Жалпы, Сыр өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салу жоспарланған. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, бір медициналық бекет ел игілігіне табысталды.

Ал, жуырда ғана Сырдың сол жағалауынан қан орталығы ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова да қатысты. Ал, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев игі үрдіс жалғасын табатындығына сендірді.

Бір қызығы, бұған дейін қан орталығының өз алдына жеке ғимараты болмаған. Облыстық көпбейінді медициналық орталықта орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін дейді қызметкерлері.

Салтанатты шарада сөз алған Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы атап өтті. Қазірде елімізде Президент тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асуда. Оның шеңберінде елді мекендерде екі жылда 655 алғашқы медициналық санитариялық көмек беру нысандарын салу көзделген. Жоба аудандық ауруханаларды жетілдіруді де мақсат етеді.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бүгін жаңа Қан орталығының ашылуына куә болып отырмыз. Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Біздің ең негізгі мақсатымыз ұлт денсаулығын сақтау. Ұлт денсаулығы - мемлекетіміздің даму кепілі» деді вице-премьер.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Айта кетейік, ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады екен. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.

Шара аясында аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Салтанатты түрде медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігіне жарайтын болады.

Осындай атап өтерлік қуанышты жаңалықтың тағы бірі –  «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылуы. Ол Жаңақорған ауданынан орын тепті. Оны да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз қолымен ашып, «Қамқорлық» қорының басшылығына алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала өлімін азайту, балалар мүгедектігінің алдын алу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Біз адам жанының арашасы болған дәрігерлерді жан-жақты қолдауға әрдайым мүдделіміз. Қазір ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде ана мен бала саулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл денсаулық сақтау саласына 140 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. 

Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада үш облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. 

Бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында осы «Қамқорлық» оңалту орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Озық үлгідегі жабдықтармен жарақталды. Орталықта жылына 2000-ға жуық баланы оңалтуға мүмкіндік бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс жасап, тиімділігін көрсетті. Сондықтан біз мұндай орталықтарды аудандарда да ашу туралы шешім қабылдадық. Алғашқысын Жаңақорған ауданында пайдалануға бермекпіз. Дәл осындай нысан жыл соңында Арал ауданында да ашылады, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шарада «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, «Қамқорлық» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова жаңақорғандықтарды орталықтың ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбибулла Ахимов бата берді. 

Жүктелуде...