Олжас Бектенов: Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанатын болады

Қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу жалғасып келеді, мұны доғару керек

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды,-деп хабарлайды newsroom.kz
 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ағымдағы жағдай мен іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Шағын және орта бизнес субъектілерін мысалға ала отырып, сатып алуға қатысудың басым құқығы есебінен өндіріс өсуінің оң серпіні көрсетілді.

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60%-ға жетізу туралы тапсырмасы бойынша жүйелі кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде бірқатар сала оң нәтиже көрсетіп отыр – импорттың тұрақты қысқаруы және өндіріс көлемінің артуы. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде әкелінетін өнім көрсеткіші 7%-ға төмендесе, өндіріс көлемі 4%-ға артты. Машина жасауда, металл бұйымдарын, қағаз өнімдерін өндіруде сыртқы жеткізілімдерге тәуелділік төмендеді.

Қазір экономикасы қарқынды дамыған көптеген мемлекет ішкі нарықты қолдау және қорғау саясатын белсенді жүргізіп келеді. Халықаралық валюта қоры мұндай қорғау шараларының жартысына жуығы Қытай, Еуропалық Одақ және АҚШ экономикаларына тиесілі екенін атап көрсетті. Қазақстан әлемдік тәжірибені ескеріп, импорттық тауарлардың үлесін төмендете отырып, өз өндірушілерін қолдау шараларын кеңінен қолдануда, деп атап көрсетті Премьер-Министр.

«Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанатын болады. Біз қашанда отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір салалық министрдің міндеті. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс», — деп баса айтты Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сараптап, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің артық каталогтарын жоюды тапсырды. 

Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлесін. Қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу жалғасып келеді, мұны доғару керек, деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жүктелуде...