Өзбекстан 2023 жылы спортқа деп 2,3 трлн. сум бөліпті. Гуглға салсам 1 теңгеміз 26.49 сум деп тұр. Сонда былтырғы өзбек спортының бюджеті біздің ақшамен 87 млрд. теңгеге жуықтайды.Бұл туралы Бахтияр Хамит өз Facebook парақшасында жариялады,-деп хабарлайды newsroom.kz
Қырғызстан 2023 жылы спорт саласын қаржыландыруға 1,4 млрд. сом қарастырыпты. Тағы да сол гуглға есептетсем, қырғыздың 1 сомы біздің ақшаға шаққанда 5,6 теңге. Сонда бір туғандар былтыр спорт саласына 7,8 млрд теңге бөлген боп тұр.
Енді өзімізге келейік. Қазақстан 2023 жылы спортты қаржыландыруға 300 млрд теңге жұмсапты. Бұл мәліметті Спорт және туризм министрі Мыржықпавтың өзі келтірген. Яғни Өзбекстан мен Қырғызстанның бюджетін қоса есептегендегі сомадан бірнеше есе артық.
Париж олимпиадасы нені көрсетіп отыр? Спортына бізден аз ақша бөлетін өзбектер қазірдің өзінде 3 алтын алып, медаль жиынтығы бойынша алғашқы жиырма елдің қатарына орнықты. ТОП-15-ке табан тіресе де таңғалмаймын.
Бүкіл спортының бюджеті біздің ортаңқол футбол командасының бюджетіндей ғана Қырғызстан әзірге 5 медаль иеленіп үлгерді. Бізде 7. Алтыны жоқ демесеңіз (бір боксшысы алтын алуы мүмкін) бізден қалып қойғаны шамалы.
Үш елдің жалпы спорт саласына бөлген бір жылдық қаражатын есептедік. Енді мұның сыртында олимпиадаға әр елдің бөлген бөлек ақшасы бар. Қазақстан Париж олимпиадасына 980 млн. теңге жұмсаған. Өзбекстан 73 млрд. сум немесе небәрі 275 млн тг.
Жалпы аз ақшамен қомақты табысқа жету әлемдік спорт үшін соншалық сирек құбылыс емес. Әр тиынын есептеп жұмсайтын батыстың дамып кеткен мемлекеттері бұл жағынан өте мықты. Мәселен Токио олимпиадасына дайындыққа 18 млрд. теңге бөлген Нидерланд елі 10 алтын алған еді. Парижде әзірше 11 алтыннан асырып тастады.
Демек қыруар қаражат құйылып жатқан қазақтың спорты да өзге салалардай бюджеттің бүйіріне кенеше жабысқан қайтарымсыз салаға айналды. Я болмаса ат төбеліндей шағын топтың жем жейтін астауы болудан әрі аса алмай тұр.