Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Түркістан: Жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыруға күш салынуда

Жалпы өңірлік өнім 6 жылда 2,5 есеге өсіп, былтыр 4,2 трлн теңгеге жетті

Түркістан: Жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыруға күш салынуда
Фото: Instagram/ turkistan_oblysy

Түркістанды рухани астана ретінде дамыту шаралары өңір экономикасына тың серпін берді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қалыптасты,-деп хабарлайды newsroom.kz

Жалпы өңірлік өнім 6 жылда 2,5 есеге өсіп, былтыр 4,2 трлн теңгеге жетті. Биыл 6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Жалпы өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып, өткен жылы алғаш рет 1 трлн теңгені құрады.

Былтыр өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 600-дей жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс орталығында 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді.

Облыстың жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Экономиканы әртараптандырып, жұмыс орындарын ашуға, кіріс көздерін ұлғайтуға күш салынған. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, кәсіпкерлік салаларын дамытуға басымдық берілген.

Өндірісті дамыту мақсатында бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Ордабасы ауданында ірі мұнай өңдеу заводы, Түлкібас ауданында химиялық кешен, Созақ ауданында фосфорит өндіретін завод, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт бу-газ қондырғысы, Келес ауданында аумағы 51 га ірі өнеркәсіптік жылыжай секілді ірі жобалар жүзеге асырылатын болады.