Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 маусым, 2024 / Аман ШАМАР / Әскер

Бітімгершілік – маңызды миссия

Бітімгер болу – мамандық емес, бұл – елін сүйген азаматтың маңдайына жазылған тағдыр.

Бітімгершілік – маңызды миссия
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазақстан бітімгершілік операциялардан қалыс қалмайтын елдердің бірі саналады. Өйткені, бұл – еліміздің жаһандық бастамаларының бірі, – деп хабарлайды newsroom.kz

Осылайша, әлем елдерін бір-біріне қырғи-қабақ танытпай, өзара бітімге келіп, бар мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырады. Осы орайда, қазақстандық бітімгерлер көзге көрінбейтін ерлік пен еңбек иелері ретінде қандай құрмет пен қошеметке де лайық екенін айрықша атап өткіміз келеді.

Қауіпті қызмет

Біз тілдескен еліміздің ең алғашқы бітімгер-жауынгері, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагер Берік Алиев «бітімгершілік» ұғымын соғысқа да, бейбітшілікке де жатқыза алмайды екен. Себебі...

– Бітімгер болу – мамандық емес, бұл – елін сүйген азаматтың маңдайына жазылған тағдыр десе де болады, - дейді ол. – Мен Тәжік-Ауған шекарасын жаудан қорғаған кезде бітімгершілік операцияға қатысып жатқанымды түйсіне қойған жоқ едім. Тек әскери қақтығыстарға қатысып жатқанымды ғана ұқтым. Барлығын кейін түсіндік қой.

Әлі есімде, аталған шекараның ұзындығы мың шақырымға созылып жатты. Оның 12 шақырымын көлдер құрайды. Жол деген атымен жоқ. Тәжікстан жақтан Пяндж өзенінің бойымен негізгі магистрал өтеді. Оны бәрі «ТМД-ның оңтүстік қақпасы» және «есірткі сатушылардың жұмағы» деп атайтын. Себебі, халықаралық есірткі тасымалының негізгі бөлігі осы аумақ арқылы өтетін. Міне, осындай қауіпті аймақта бітімгершілік қызмет атқаруға тура келді.

Намыс – бәрінен биік

...Сәл кейінгі шегінсем, мен Ақтөбе медициналық университетін тәмамдаған бойда 26 жасымда әскери борышымды өтеуге аттанып кеттім. Ол кезде қазіргідей емес, ер азаматтар әскерге барудан қашпайтын. Отан алдындағы борышын ойдағыдай өтеп келуді үлкен абырой көретін. Осылайша, мен Алматыдағы №2027 әскери бөлімге түстім. Ал, алты айдан соң командирлер маған әскери міндетімді Тәжікстанда жалғастыруды ұсынды. Ол жақта азаматтық соғыс болып жатқанынан хабардар едім. Мен бұл ұсынысты қабылдамауға да құқылы едім. Бірақ, бойымдағы ар-намыс пен Ауғанстан қаһармандары туралы әңгімелер әсер етті ме, үш айлық келісімшартқа қалай қол қойғанымды да аңғармай қалдым.

Үш ай ол кезде сарбаздар мен сержанттар үшін ең ұзақ мерзім болатын. Неге десеңіз, тәжірибе көрсеткендей, одан артық уақытқа олардың жүйкесі мен психикасы шыдамауы мүмкін деп саналатын. Қалай болғанда да, соғыс жағдайында жауынгерлер күйзеліске түсетіні белгілі нәрсе ғой. Әйтсе де, мерзімді қызмет сарбаздары (солдат-срочник) қақтығыс алаңында бір жылға да қалып жатты. Мен де дәл олай әскери қызметім аяқталғанша бөгеліп қалдым.

Баскесермен бетпе-бет

Мен Тәжікстан шекарасына дейін тікұшақпен келіп, одан әрі көлікке отырдым. Таулы жермен ұзақ жүрдік. 1999 жылдың желтоқсаны ерекше суық еді. Сұрмерген әрі фельдшер (медициналық білімім болғандықтан) қызметін қоса атқардым. Кеден жасағында небәрі қырық адам болатын. Таулы аймақта қызмет ету қай-қайсымызға да оңай болмады. Қыста таудың тастары ірі мұз бөлшектеріне айналса, ал, жазда ауа температурасы елу градусқа дейін көтерілетін.

Таң атқаннан күн батқанға дейін тастардың арасына тығылып, шекараны бағумен боламыз. Айналада тау-тас пен үңгір-шүңгірден басқа түк жоқ. Біз үнемі жауынгерлік жағдайда кезекпен-кезек қызмет еттік. Кішігірім атыс-шабыстар болғанымен, шүкір, ешқайсымыз жапа шекпедік. Жан-жақтан жауған оқтан бөлек, аяқ астымызда жорғалаған улы жылан, сарышаян, өрмекшілерден сақтанатынбыз.  

Сұрмергендер қарудың ұңғысы арқылы шекараны кесіп өтейін деп жатқандардың жауынгер не бейбіт тұрғын екенін айна-қатесіз анықтауға міндетті. Себебі, соған қарап командир оқ атуға немесе атпауға бұйырық береді. Ал, сол бейбіт тұрғындардың арасында Калашников автоматын қолға ұстаған 14-15 жастағы балалар да бар-тұғын. Біз адамды сіріңкемен, көлікті қораппен белгілейтінбіз.

Күндіз жергілікті тұрғындар өте сыпайы болып, қазақ жігіттерін мұсылмандар ретінде құрметтейтін. Бірақ, түнде қорғалып отырған аумақты басып кіріп, шабуылдауы да әбден мүмкін еді. Жаудың қайдан келетінін білу мүмкін емес. Қалай болғанда да, Ауғанстаннан Тәжікстанға көбінесе есірткі, қару-жарақ пен алтын тасымалданатын.

Бірде блокбекеттен өтпекші болған паранджа киген бір топ әйелді тексерген кезде беттерін көрсетуді өтіндік. Сонда олардың жанындағы сақалды азаматтар өте эмоционалды түрде реакция білдіретін.

Тағы бір есімде қалған сәт, өте күдікті 700-800 адамдық колонна блокбекеттен өтіп жатты. Арасында сақалды азаматтар да бар. Олармен келіссіөздер тым ұзаққа созылды. Кез келген сәтте атыс басталып кетуі мүмкін еді. Мұның алдында қазақстандық кеденшілер Джума есімді содырды қолға түсірген болатын. Соны босатуға «Қара қол» деген лақап атпен танымал баскесер бастаған содырлар колоннасы жолға шыққанын естіген едік. Демек, осы топта әлгі содырлардың болуы әбден мүмкін. Бірақ, жоғарыдан оларды жіберу туралы бұйрық келді. Артынша, моджахедтермен қақтығыс болғанын естідік. Оған қазақ пен орыс кеденшілері қатысқан екен. Ақыры, бірлескен әрекет нәтижесінде жанжал тоқтатылып тынды.

Бес сағатта 17 сарбаз қаза тапты...

Бір қызығы, біз үнемі тамақ ішкіміз келетін. Азық-түлікті айына бір рет әкелетін. Алайда, оның ішінде ет болмайды. Ал, қазақ етсіз қалай күн көрмек? Содан тәжіктерге барып, қолда бар тамақты етке айырбастаймыз. Жергілікті тұрғындар қазақтың құртына ұқсайтын тәтті тағам жасайтын. Оны «тәжік сникерсы» деп атап кеттік. Тіпті, жуынудың өзі мұң болатын. Өйткені, бір сәтке де қарусыз қалуға болмайды. Өзім адамға оқ атып көрмесем де, қарумен ұйықтап, қарумен ояндым. Бұның бәрі де бізді Отан қорғаумен бірге достыққа адал болуды, намысты қолдан бермеуді үйретті.

Бірде бізге жақын орналасқан жасақта бес сағатқа созылған ұрыс жүрді. Онда 17 қазақстандық сарбаз қаза тапты. Сол жерге барып олардың рухына тағзым еттік. Бұл өте ауыр көрініс болатын. Сол кезде өзіміз де осы жерде мәңгіге қалып қоюымыз мүмкін екенін бір-ақ түсіндік. Мұндайды Құдай басқа бермесін. Былай ойлап қарасақ, еліміздің ең алғашқы бітімгерлері бейбіт уақытта бөтен мемлекеттің шекарасын қорғай жүріп оққа ұшып отыр ғой...

ТҮЙІН

...Бүгінде кейіпкеріміз ердің жасы елуді еңсерген. Психиатр-нарколог болып еңбек етеді. Жұбайы Мейрамгүлмен бірге торсықтай төрт ұл мен бір қыз өсіріп-өндірген. Үлкен ұлы мерзімді әскери қызметін өтеп, қаржыгер болып еңбекке араласқан. Екінші ұлы әскери қызметкер мамандығын таңдаған. Бірақ, әкесі балаларының біреуі болса да өзінің жолын қуып, дәрігер болғанын армандайды екен. Себебі, ақ халатты абзал жандар қоғамға қашан да қажет және халықтан тек алғыс арқалайды.