Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
3 маусым, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

Инклюзивті орта – мол мүмкіндіктер алаңы

Баланың дұрыс дамуына қажет құндылықтар атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеде тұнып тұр.

Инклюзивті орта – мол мүмкіндіктер алаңы
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Инклюзия саласы қазіргі қоғамның ең маңызды бір бөлшегіне айналды десе де болады. Ол бүгінде тұрмыста, білім беруде, спортта, бизнесте, мәдениетте және басқа да көптеген бағытта сәтті көрініс табуда, – деп хабарлайды newsroom.kz

Инклюзивті орта ерекше балалардың оқшауланудан шығып, қоғам өміріне араласуына, бөгде адамның көмегінсіз жеке тұлға болып қалыптасуына мол мүмкіндік туғызуда. Осы орайда біз бүгін Атырау облысындағы Мақат ауданының тумасы, дефектолог әрі кәсіпкер Гүлзираш Бақтыгерейдің оқиғасын әңгімелегенді жөн көрдік.

Технологтан – дефектологқа!

Әңгімені әріден бастасақ, кейіпкеріміз осыдан тура он жыл бұрын алматылық жоғары оқу орындарының біріне «тағам өнімдерінің технологы» мамандығына оқуға түсіп, кейін райынан қайтқанын еске алады.

«Мен химия пәнін жанымдай жақсы көрдім. Арман қуып Алматыға да бардым. Бірақ өзімді технолог ретінде елестете алмадым. Сөйтіп, өзімнің туған Мақатыма қайта оралып, педагог боламын деп шештім. Әжем дефектолог мамандығына құжат тапсыруға кеңес берді. Осылайша, жергілікті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау унвиерситетіне оқуға қабылдандым. Оқуда еш қиындық болмады. Себебі, бұл сала да жаныма жақын еді» дейді ол.

Басы – қатты...

Ал, 2017 жылы Гүлзираш индерлік азаматпен отау құрады. Алдымен тілінде мүкісі бар балаларды оқытып, шағын бизнес бастайды. Кейін сондай бала тәрбиелеп отырған аналарды үйретуге көшеді. Ақыры, «Тілашар» атты инклюзивті білім беру орталығын ашады. Онда 1,5-18 жас аралығындағы балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыда дамыту қызметі көрсетіледі. Ауылдан шыққан келіншекке бір сәтте мұндай орталық ашу оңайға түскен жоқ.

«Бастапқыда жұбайым екеуміз жалға ғимарат алып, оны ретке келтірдік. Менің «қыз жасауыммен» бірге келген екі кілемді әкеліп жайдық. Сөйтіп, ерекше бала өсіріп жатқан аналармен қалай жұмыс бастап кеткенімізді де аңғармай қалдық. Бір өкініштісі, дәрігерлер көп жағдайда баланы соңына дейін зерттемей жатып аутизм диагнозын асығыс қойып жатады. Ал, шын мәнінде дәрігер айтты екен деп баланы қысымға алу дұрыс емес. Өйткені, бес сусақ бірдей емес, бірі ерте, бірі кеш дамиды. Бастысы, әр балаға көңіл бөліп, оның психикасымен жан-жақты танысып алу қажет. Осы ретте, ана мен баланың арасындағы жіпсіз байланыс көмекке келеді. Міне, сондықтан ерекше бала үшін оның анасынан артық дәрігер жоқ. Осыны әр ата-ана түсіне білуі керек» дейді дефектолог. 

Ауру – астан

Бизнесвумен жеке кәсіпкер есебінде мемлекеттен 1,2 милилон теңге көмек алғанын мақтанышпен айтады. Бұл қаражатқа ол көптеген қажетті заттарды алған. Енді оның орталығына келушілер қатары күн санап артып келеді. Өйтпегенде ше? Аталған диагнозбен дүниеге келетін сәбилер де көбеймесе, азамай отыр... Гүлзираштың жұбайы да өзінің күнделікті жұмысын тастап, әйеліне көмек қолын созуды жөн санапты. Ол да арнайы курстан өтіп, жаттықтырушы болып өз үлесін қосып жүр.

«Қазіргі қоғамның алдында тұрған ең маңызды мәселе – дұрыс тамақтану жайы. Атақты Гиппократ айтқандай, «біз не жесек, солмыз». Яғни, аурудың дені дұрыс тамақтанбаудан, уақытында ұйықтамаудан және бей-берекетсіз күн режимінен туындайды. Бұл ретте, аналарға баланы сапалы тамақтандыруға үйретеміз. Сонда ғана ағзаның қорғаныштық қасиеті қалыптасады. Өз кезегінде иммунитет баланы аурудан қорғап қана қоймай, қарым-қабылетін дамытып, күш-қуат береді» дейді орталық басшысы.

Бала ойнап өседі

Сондай-ақ, біз аталған орталыққа келушілердің бірін сөзге тартып көрген едік. Сөйтсек, аты-жөнін атамауды сұраған ол жұмыстан қолы босамайтындықтан, маман көмегіне жүгінгенірн айтады.

«Мен осы орталыққа жарты жылдан бері келіп тұрамын. Бұрын балаға тек үш-ақ нәрсе – тамақтандыру, жуындыру және киіндіру керек деп ойлаушы едім. Ал, мені жұмыстан алаңдатпауы үшін балама планшет ұстата қоятынмын. Бұл жерге келіп, қатты қателескенімді түсіндім. Өйткені, бала үш жасқа дейін анасынан бір сәтке де ажырамауы тиіс екен ғой! Баламен үнемі сөйлесіп, ойнап, серуендеп жүру керек. Мен осы мүмкіндіктің бәрін жіберіп алдым. Енді балам қатты тұйықталып, аутизм ауруына шалдығып шыға келді. Орталыққа келгелі, көп нәрсені ұқтым. Мәселен, балаға тамақтану мен ұйықтау қандай дәрежеде қажет болса, ойнау мен сөйлесу де дәл солай керек! Күнделікті өмірде оны елеп жатқан ешкім жоқ. Әрине, ойнамай өскен баланың өміріне қауіп төне қоймас. Алайда, оның физикалық жай-күйі мен ой-өрісі біртіндеп тежеле беруі мүмкін» дейді ерекше баланың анасы.

ТҮЙІН

Бір қызығы, баланың дұрыс дамуына қажет құндылықтар атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеде тұнып тұр. Айталық, ертеректе ата-бабамыз баланы бесікте тербетіп, ертегі айтып өсірді. Неге? Себебі, ертегілер тек баланың көңілін аулау үшін ғана емес, оның қиялына қанат бітіріп, шығармашылық қабілетін шыңдауға қажет құрал есебінде болды. Мұны біз енді ғана түсініп, ертегі терапиясын қолданып жүрміз. Ал, мұны үлкендеріміз о бастан-ақ білген.

*Сіз не дейсіз?

«БАЛАНЫҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН ЖАРАЛҒАН»

Ирина ГОРБАЧЕНКО, «Жарқыра» бағдарламасының үйлестірушісі:

– «Жарқыра» бағдарламасы инклюзия секілді әлеуметтік басым бағыттарды үнемі қолдап отырады. Бағдарлама негізінен Атырау облысында әлеуметтік кәсіпкерілкті дамытуға арналған. Ол іске асқалы жиырмадан астам ерекше балаларды оңалту мен дамыту орталығына көмек көрсетілді. Өз кезегінде бұл орталықтар жыл сайын мыңдаған баланың аяққа тұрып кетуіне атсалысып келеді. Бұл әр баланың денсаулығын дұрыстап, өмірін нұрландыруға мол мүмкіндік беруде.