Алматылық жастарды не толғандырады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде біз жас блогер Әлижан Фархатпен сұхбаттасқан едік, – деп хабарлайды newsroom.kz
– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Мен Алматы қаласында туып-өстім. Осында «Автоматтандыру және басқару» мамандығын тәмамдап шығамын. Қазір республикалық қоғамдық-саяси «Turan Times» сайтында қазақ тілді бөлім редакторы болып қызмет етемін. Сондай-ақ, республикалық «Мерейлі мекен» журналында тілшімін. «Шаңырақ», «Озаттар», «Тәуелсіздік толғауы» және басқа да шығармашылық байқаулардың лауреатымын. Биыл «Армантауға асыққандар» атты жас ақын-жазушылар антологиясына өлеңдерім енді.
Бұған дейін түрлі үкіметтік емес ұйымдар қатарында ерікті түрде еңбек етіп жүрдім. Өңірдегі қоғамдық шараларға да белсене атсалыстым. Сөйтіп, теңдессіз тәжірибе жинадым. Нәтижесінде, бүгінде өзім жеке парақша ашып, жаныма өзім секілді жалынды жастарды жинап жатырмын. Алдағы уақытта ресми сайт ашу жоспарда бар.
– Бүгінгі жастар жөнінде қоғамда түрлі ой-пікір қалыптасқан. Осы орайда, оларға не жетіспейді және бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?
– Қазіргі жастардың басты проблемасы, көп жағдайда бастары бірікпей жатады. Яғни, әр жас «өз қазанында өзі қайнап» жатыр. Сөйтіп, небір талантты жастар тасада қалып жатыр. Міне, қандайма бір қоғамдық шараларға қаймықпай қатысатын жандардың кейде аз болатыны да сондықтан.
Бұдан бөлек, біздің елде еуропалық озық үлгі қалыптаспаған. Мәселен, Алматыда бір шара өтетін болса, оған оқушылар мен студенттер еркінен тыс қатысып жатады. Ақыры, соңына дейін шыдамай кетіп қалады. Ал, дамыған мемлекеттерде олай емес. Ондағы жастар өздеріне ұнайтын шараға ғана барып қатысады. Егер шараға адам аз қатысса, келесі жолы ұйымдастырушылар оны мүлде өткізбейді екен. Міне, сол сияқты, бізде де әр бағдарламаның өз қатысушылары, әр жобаның өз аудиториясы болуы тиіс.
– Ендеше, жастарды ортаға тарту үшін не істеу керек?
– Алматыны жастардың қаласы дейміз. Бірақ солардың тек белгілі бір тобы ғана белсенді. Түрлі форумдар мен маңызды жиындарда тек солар ғана жүреді. Ал, қалғаны қамтылмайды немесе өздері құлықсыз. Ал, қылмыс дегенімідзің өзі сондай қоғамнан тыс жандардан шығып жатады. Сондықтан қоғамның күші саналатын жастардың басын қосып, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау қажет-ақ. Сонда, бәлкім, экстремизм, терроризм секілді үрейлі үрдістер де сап тыйылар ма еді, кім білсін?
Келесі мәселе – жұмыссыздық. Жастар жұмысқа алынбас бұрын ең алдымен «жалақысы қанша?» деген сұрақты қояды. Ал, өзінің тәжірибесіне, білім-білігіне аса назар аудармайды. Егер әңгімелесуден өте алмаса, жұмыс берушілерді немесе жергілікті әкімдік мамандарын кінәлайды. Бірақ, тәжірибесі толыспаған, сауаты төмен адамды кім қызметке алғысы келеді?
Менің ойымша, жастар жоғары жалақыны мүлде ойламауы тиіс. Өздеріне ұсынылған кез келген жұмысты атқарып кетуі тиіс. Бүгінгі тырнақтай табысын ертең еселеп арттыруы керек. Қиындықтан қашпайтын жас еңбек баспалдағымен ақырын басып, қарапайым жұмысшыдан лауазымды тұлғаға дейін көтеріле алады. Тек арнайы сатылардан өтуі керек, соны мамандар түсіндіріп отырса екен деген ұсынысым бар. Екінші жағынан, арнаулы не жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жұмыс беруші кәсіпорын басшылары да жастарды жұмысқа бейімдеуі керек.
– Кей жастар жұмысқа қабылданғанда қарапайым резюме қағазын сауатты толтыра алмайтынын айтады жұмыс берушілер. Келісесіз бе?
– Иә, өкінішке орай, жұмысқа қабілетті болғанымен құқықтық сауаттылығы төмен жастар бар. Оларды оқытып, нарықтық білім-білігін толықтыру қажет. Мүмкін, өзіндік көзқарасы мен сана-сезімін де өзгерту керек. Себебі, бүгінде бір ғана мамандықпен, бір ғана қызметпен шектеліп қалуға болмайды. Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік.
– Сонда, олардың кемшілігі неде?
– Біздің елдің жастары өте қызба келе ме, білмеймін, бірақ теріс эмоциясын сыртқа шығарып тастайды. Яғни, көңіл-күйі толмай отырса, соны айналаға білдіріп отырады. Ал, жақсы энергияны ішке бүгіп қалады. Әсіресе, білген-түйгенімен бөліскісі келмейді. Басты кемшілік осы деп ойлаймын. Мәселен, өзге елдерге барғанда, ондағылар өз елін мақтап, мадақтап, салт-дәстүрін насихаттап жатады. Ал, біз қолдағы бар құндылықтардың қасиетін білмейміз, мәдени мұрамызды бағаламаймыз.
Айталық, Алматыны қонақтарға таныстыру үшін осы жерде дүниеге келген тұлғалар жайында маңызды деректерді білу шарт. Өйткені, бұл жерде кімдердің өмір сүргенін ғана білетін қонақтар олардың кейінге қалдырған аманаты мен мол мұрасын бізден білгісі келеді. Сол сияқты, шет мемлекеттерде демалып, сол жердің мәдениетін насихаттауға қарсымын. Өз Алматымыздан артық туристік нысан бар ма? Міне, осыны ойлауымыз керек. Себебі, Әбіш Кекілбаев айтқандай, «бағалай алмағанға бақ қонбайды».
Сөз соңында айтарым, көпшілік жерде дүние-мүлік пен ақшаны айтудан арылсақ екен. Жасы үлкендер кішілерге арзан әңгімеден гөрі тағылымды өсиеттерді алға тартып, өмірден түйген ақыл-кеңестерін айтып отырса жақсы еді. Бүгінде үлкен буын мен жас ұрпақ арасын жалғайтын орта буын ақсап тұр. Бұған ешкім кінәлі емес. Жоғары буын өкілдерінің аяққа нық тұрған мезгілі ел егемендігін енді алған тұсқа тап келді. Мұны да түсінуге боалды. Енді тек сол олқылықтың орнын толтыруға тырысайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», бір мақсат пен ортақ мүддеге ұйысқанда ғана, озық отыз елдің қатарына енеміз деп ойлаймын.
Алматыда алғаш құрылған және қатарға жаңадан қосылған жастар ұйымдары жетерлік. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да табылады. Тек ел үшін еңбек етуге, көкейде жүрген ойларын көпшілікпен бөлісуге құлшынысы жоғары жандар керек. «Ауруын жасырған өледі» емес пе, бүгінде бастамасы бар, бірақ, оны жүзеге асыруға құлықсыз жастар көп. Біріншіден, олар ұсыныс-тілектерін қоғамға ашық айтпайды, сырларын ішке бүгіп жүре береді.
Екіншіден, оларды «құшақ жайып» қарсы алып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, жуырда менің бір досым ауылдан шағын кәсіп ашқысы келіп, алақандай жер сұрады. Содан ұзын-сонар кезекті көріп, тауы шағылды. Тағы бір танысым жоғары оқу орнын бітіре салысымен ауылға барып қызмет қылуға бел байлады. Сәйкесінше, округ әкімдігінен материалдық қолдау күтті. Бірақ, оны ауылда күтіп отырған тағы ешкім болмады.
Менің айтқым келгені, ауыл мен қала жастары арасындағы берік байланыс жойылып барады. Жергілікті әкімдер, мекеме, қожалық басшылары оқу бітіріп, ауылға барған маманға «сені кім шақырды?» деп қысым көрсетпей, жағдай жасауы тиіс қой. Бастысы, жастардың барлық санатын қамту қажет.
Үшіншіден, жастар жайлы сөз қозғалғанда, өңірде атқарылатын жұмыстарға тек белгіленген басқармалар ғана жауапты емес екенін ескерейік. Бұл ретте, жас алматылықтардан да үлкен үміт күтіледі. Әр азамат өзінің берік ұстанымын, пайым-пікірін қоғам алдында білдіріп отыруы дұрыс. Таңдай қақтырған технология дәуірінде тұйықталып отыруға болмайды. Біз әлемге есігімізді ашқанда ғана, басқалары бізге ұмтылады.
Сондай-ақ, Алматының белсенді жастары биыл жаңа бастамаларды қолға алғысы келеді. Оның ішінде, салауатты өмір салтын ұстану, жанұя жарастығы мен шаңырақ шаттығын келтіру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, әлеуметтік осал топтарға қайырымдылық көмек көрсету және басқа да істер бар... Жастар саясатын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азаматтар бар.
- Тағы да алып-қосарыңыз болса...
- Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек секілді. Осы орайда, өзім де жас маман болғандықтан, күнделікті кез болып жүрген проблемалардың кейбірін айтпай кетсем болмас. Алдымен, күректей дипломы барлар жұмыс берушілер талап ететін еңбек өтілінің жоқтығынан сатушылық, күзетшілік, даяшылық қызметке тұра салады. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары болғанымен, талпыныс жоқ. Шағын және орта бизнестегі жастардың үлесі де төмен. Демек, оларды қолдаудың тың тәсіледрін табу керек.
Екіншіден, өзіне өзі қол жұмсау деректері көбеймесе, азаяр емес. Мұның түпкі себебін талдап жатқан мамандар жоқ. Соңғы кезде тәрбие ісі тоқырауға ұшырап отырғанын мойындауымыз керек. Үшіншіден, денсаулығы нашар жастардың көбейіп отырғаны да алаңдатарлық жайт. Сонда, жыныстық және басқа да жолдармен жұғатын аурулар жайлы түсінік жұмыстары тек қағаз жүзінде жүргізіліп жатқаны ма? Аурудың алдын алу үшін жыл сайын скринингтен өтуге жастардың өздері де құлықсыз. Төртіншіден, жұбы жараспай ажырасатындар қатары да артып келеді. Азаматтық некемен отбасы құратындар көбейген.
Соңғысы, діни экстремизм мен терроризм құрылымдарының шабуылдарына төтеп бере алмай, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама? Діни ақпараттық шараларға қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Сондай-ақ, қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын алуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар тағы бар.
Олай болса, бәріміз бас біріктіріп, аталған мәселелерді шешуге атсалысайық дегім келеді. Бұл тек жауапты мамандардың ғана емес, барлығымызға ортақ міндет деп ойлаймын. Өйткені, болашақ – жастардың қолында!