Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алматыда ауқымды акция өтті

Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халықпен тығыз байланыста екенін көрсету

Алматыда ауқымды акция өтті

Бүгін Қонаев университетінде Әділет министрлігі жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен «Халық заңгері» республикалық акциясын ұйымдастырды,-деп хабарлайды newsroom.kz

Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халықпен тығыз байланыста екенін көрсету. Кез келген азамат ұзын үстелде отырған заңгерлерге өзін толғандырып жүрген заңға, құқыққа байланысты сауалдарын қойды. Заң көмегіне жүгінгелі келген азаматтарға мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, көші-қон полициясының өкілдері, сыбалас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары жауап берді.
 
Бұл акция жылына бір рет ауқымды түрде өткізіледі. Акцияға келушілерге ешқандай шектеу қойылмады. Акцияға келе алмаған азаматтар өзін мазалаған сауалдарын Egov порталы немесе Е-өтініш арқылы құзырлы басқармаларға жазбаша электронды түрде жолдай алады. Бұдан бөлек, арнайы мемлекеттік мекеменің басшысына немесе оның орынбасарына келіп, сұрақтарына жауап алса болады. 
 
Заңгер Қайыржан Иманова «кез келген даудың бейбіт құқықтық нормаларды сақтай отыра шешілуіне жөн сілтейміз» дейді. Оның сөзінше, несие, жер, банк, салық, тұрғын үй, жеке мүлікті заңдастыру, банкрот сияқты мәселелерін айтып шағымданған қала тұрғындары көп. Әлеуметтік аз қамтылғандардың да үні қалыс қалмады.
 
37 жыл жұмыс істеп, 2018 жылы зейнетке шыққан бұрынғы IIM полицейі З.Шайгенованың сөзінше, жыл сайын инфляция болып жатқанымен, базалық зейнетақыға тек тиын-тебен қосылады. Ол зейнетке шыққан уақыттан бері базалық зейнетақысы өзгермегенін айтады. «Мен 145 мың теңге аламын, қырық бес мың, алпыс бес мың теңге алатын экс-қызметкерлер де бар. Олар бүгін акцияға келе алмады», - дейді азаматша. Замира тек ІІМ-нің бұрынғы қызметкерлері емес, ҰҚҚ, қорғаныс саласында,  ТЖМ-да, прокуратурада қызмет еткендер де бұл мәселе бар екенін мәлімдеді. 


- Мен барған заңгерлер менің не айтып тұрғанымды түсінбейді. Әлеуметтік мәселелер бойынша маманға барсам, олар мені ІІМ заңгеріне жібереді. Біз оған бұрын барғанбыз. Бізде тек бір қор бар (БЗЖҚ-ред). Неше жыл өтті, мәселе шешілмеді. Зейнеткерлердің бірі қайтыс болды, бірі онкологиялық дертпен ауырады. Мен сізге әлеуметтік-нормативтік акттегі қаншама заңбұзушылықты көрсете аламын, - деп кейіді акцияға келген қала тұрғыны. 


Акция тек Алматыда емес, Қазақстанның үлкен қалаларында да болды. 
 Заңгерлердің көмегі мен кеңесіне мұқтаж азаматтардың арасында көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, халықтың әлеуметтік осал топтары да болды.
 
Бірегей жоба Қазақстанда 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді және әлемде баламасы жоқ. Осы уақыт ішінде оған 8 мыңнан астам білікті маман қатысып, 165 мыңнан астам адам құқықтық көмек алды. Іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Zakon.kz желілік басылым және «Параграф» ақпараттық жүйесі, Әділет Министірлігі және Алматы әкімдігі ұйымдастырды.