Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

10 млн теңге пара алып ұсталған әкім сотталды

Сәтбаев қаласының әкімінің ісіне қатысты сот шешімі шықты

10 млн теңге пара алып ұсталған әкім сотталды
Фото: gov.kz

Сәтбаев соты қаланың экс-әкімі Шапағат Әубәкірге қатысты қылмыстық істі қарады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Шенеунік аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған.

Тергеу нәтижесінде 2024 жылдың ақпан айында Шапағат Әубәкір қала әкімі бола тұра Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмысын жүргізетін жеке кәсіпкерден мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оны кеңейтуге жәрдемі үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды.

Сотталушылар кінәсін мойындады.

"Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінгені және жас балалардың болуын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп танылды. Бұрынғы әкімнің қабылдаған антын бұзуы оның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай деп танылды. Сот үкімімен ол ҚК 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. М. ҚР ҚК 367-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн теңге айыппұл тағайындалды", – деп мәлім етті Сәтбаев қалалық соты.

Сәтбаев қаласы әкімдігіне қатысты бөлінетін бюджет қаржысының негізділігін, қаржыландыру жоспарының және мақсатты пайдалануын қайта қарап, үнемді пайдалануының тиісті шараларын жүргізу үшін жеке қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.