Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Нұрлан Имам: 30 жыл бойы қазақты тозақпен қорқытып келдік

30 жыл бойы қазақ халқына ұрысып келдік, одан ештеңе шықпағанын жеткізді дінтанушы

Нұрлан Имам: 30 жыл бойы қазақты тозақпен қорқытып келдік
Фото: turkystan.kz

Белгілі дінтанушы әрі имам Нұрлан Байжігітұлы желіде оқырмандарының сауалына жауап берді,  деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

«Сіз негізі уағызды жақсы айтасыз. Басқа да имандар сізді көре алмай, сөзді бұрмалады деп жазғырады. Соларды қалай жеңдіңіз», - деген сұрақ қойған. 

Ол мұндай имамдарға басқа жұмыспен айналысуға кеңес берді. 

«Мен ешкімді жеңбеймін. Бұл өмір біреуді жеңуге арналмаған. Мен пендемін. Менен басқа ұстаздарды көбірек тыңдаңыздар. Біз қателесеміз. Қателесіп жүріп, қолымнан келгенді істеп жатырмын. Қателесіп жүріп, намазға тұруға себепші болудамын. Менің қатемді түзейтін ұстаздар көп. Солар түзетіп ала берсін. Бірақ олар менімен әуре болмай-ақ қойсын. Дінмен әуре болсын. Ана жерде былай, мына жерде солай айтқан деп алысудың қажеті  жоқ», - дейді Нұрлан имам.

Ол бұл дінді жеңілдету емес деп отыр. 30 жыл бойы қазақ халқына ұрысып келдік, одан ештеңе шықпағанын жеткізді. 

«Қазаққа қарызбыз. Осыншама шыдағаны, осыншама мейірімді болғанына қарызбыз. 30 жылдың ішінде елдің бәрі бірдей тәңірші болып кеткен жоқ. Менің Рождество туралы айтқан видеомды кесіп, анда-мында салғандар Алланың алдында жауап береді. Олардың ниетін Алла көріп тұр.  Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар отқа тасталатын кезде қарлығаш байғұс аузындағы сумен өшірген. Сауысқандар күлген. Сонда қарлығаш қолымнан келгенді істедім деген. Менде қолымнан келгенді жүзеге асырамын. Тек мені ғана тыңда деп жатқан жоқпын. Басқа да мүйзі қарағайдай мықты ұстаздар бар. Олар мені андығанша қазаққа қызмет етсін. Сол кезде ел боламыз», - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Оның айтуынша, халықты тозақ отына күйесің деп қорқыта бермеу керек. Намаз оқымағандарға тиісе берудің қажеті жоқ.

«30 жыл өміріміз бір адамға жағымпазданумен өтті. Болды енді, қою керек. «Жаңа Қазақстан» құрайық. Қазақты имандылыққа шақырайық. Қаншама бала шоқынып кетті. Сол уағыздың арқасында Сирияға жол тартып, сол жақта өлді. Біразы салафи, вахабист болды. Ұлтымызға, дәстүрімізге қарсы шықты.Жаңа жылды аңдуды қою керек. Иә, ол мұсылманның мерекесі емес. Өмірдің бәрі исламмен байланып тұрған жоқ қой», – деді ол.