Еліміздегі еріктіліктің ертеңі қандай?

Еріктілік әлемді құтқарады

Фото: porusski.me

Еріктілік - мұқтаж жандарға көмектесуге және қоғамды жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік беретін қоғамдық қызметтің ең тиімді және танымал түрлерінің бірі.

Волонтерлік бүкіл әлемде белсенді дамып келеді. Осыған байланысты Newsroom.kz порталы еріктілік рейтингі ең жоғары елдер мен Қазақстандағы еріктіліктің көрсеткішіне тоқталып өтеді.

obedbk.ru зерттеуіне қарағанда әлемдегі еріктілік бойынша рейтингтің бірінші орнын Канада елі алса, екінші және үшінші орынды Норвегия мен АҚШ иемденіпті.

Бұл елдерде еріктілік мәдениеті дамыған және еріктілерге әртүрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысуға көптеген мүмкіндіктер ұсынылатын көрінеді. Канада сонымен қатар еріктілерді қолдаумен айналысатын ұйымдарымен танымал.

Еріктілік мәдениетті бойға жиып, қалыптастыру үшін Норвегия, Жаңа Зеландия, Канада елдеріне барған жөн. Себебі дәл осы үштік еріктілерді дайындаудан әлемнің үздіктерінің қатарында. 

Норвегия халқы түрлі қайырымдылық және экологиялық жобаларға белсенді қатысатын ең белсенді еріктілер шоғырланған елдердің қатарында. Норвегия Әлеуметтік және экологиялық бастамаларға көмектесу және қолдау мүмкіндігін алумен қатар, сізді табиғатымен және әдемі пейзаждарымен таң қалдырады.

Ал көршілес Ресейде 2030 жылға қарай еріктілер 5 есеге өспекші. Ресейдің экономика министрлігі сарапшылары өз зерттеулерінде 2021 жылы Ресейде 3,9 миллионнан 20 миллионға дейін еріктілер саны көтерілетінін хабарлады. 

Қазақстанда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадіровтің сөзінше біздегі еріктілер саны 200 мыңнан асып отырған көрінеді.

«Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуына ерекше назар аударылып отыр. Соңғы үш жылда елімізде еріктілер саны үш есе көбейген. Мәселен, 2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 50-ден астам болса, қазіргі таңда 680-ге жетіп отыр. Ал еріктілер саны 50 мың болса, қазір республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асып отыр», деді Данияр Қадіров Халықаралық еріктілер форумындағы сөзінде.

Фото: Ақорда

Мемлекет басышсы Қасым-Жомарт еріктілікке 2020 жылдан бері ерекше назар аударып келеді. Ресми түрде ашылған Еріктілер жылы келешекте де жалғасын таба беретінін де айтқан

"Волонтерлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес.  Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы  мен ақ батасы – соның айқын дәлелі",- деді президент Еріктілер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

 

.

Жүктелуде...