Қуаңшылық ел үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Өткен жылы оңтүстік өңірді әуреге салған осы бір ауыр жағдай биыл да қайталанбай ма? Қандай шаралар қолданылып жатыр? Бұл туралы newsroom.kz порталы Қазақстан Республикасы су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен сұхбаттасты. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Басты сұрақ, биыл өткен жылы оңтүстік өңірдегі шаруаларды шарпыған қуаңшылық немесе су тапшылығы болмай ма?
Былтыр трансшекаралық өзендердің мәселелері бойынша көршілес мемлекеттердің қатысуымен 20-дан астам іс-шара өтті. 2023 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Құрылтайшы Мемлекеттер басшыларының Саммиті және ХАҚҚ Басқармасының отырысы, сондай-ақ Қордың 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. 2018 жылдан бастап қолданыстағы ХАҚҚ ұйымдық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының 2 отырысы өтті. Құрамына Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Сырдария және Амудария өзендерінің бассейндері мәселелері бойынша Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының (МСШК) екі отырысы өтті. МСШК-ның келесі отырысы сәуір айында өтеді, онда су қоймаларының жұмыс тәртібінің кестесі мен су алу лимиттері келісіледі. Қырғыз тарапымен Шу және Талас өзендері бойынша министрлер деңгейінде 2 қызметтік кездесу, сондай-ақ мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау және пайдалану мәселелері қаралған Шу-Талас комиссиясының отырысы өтті. Осы жылдың сәуір айында Шу-Талас комиссиясының кезекті отырысы өтеді, онда су беру кестесі мен суару кезеңіне арналған су қоймаларының жұмыс тәртібі келісілетін болады. Өзбек тарапымен 3 кездесу өтті, онда су қатынастарының негізгі мәселелері, оның ішінде Сырдария өзенінің бассейнінде алдағы суару маусымына дайындық бойынша іс-шаралар қаралды. Ресей Федерациясымен су ынтымақтастығы шеңберінде Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен өзендерінің бассейндері бойынша жұмыс топтарының 8 отырысы өтті, сондай-ақ трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөнінде Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының жыл сайынғы отырысы өтті. Өткен жылы ҚХР-мен трансшекаралық су объектілері бойынша бірлескен жұмыс тобы шеңберінде 5 іс-шара өткізілді. Бүгінгі таңда 20-дан астам өзен бойынша келіссөз жүріп жатыр. «Трансшекаралық өзендер бойынша су ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында көрші елдердегі әріптестермен кездесулер мен отырыстар санын ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, министрліктің Халықаралық ынтымақтастық департаменті жанынан екі су ынтымақтастығы басқармасы құрылды. Оның бірі Орталық Азия, екіншісі ҚХР және РФ бойынша жұмыс істейтін болады.»
- Орталық Азияның өзге елдерінен келетін биылғы судың шаршы метрі қанша? Өткен жылға қарағанда азайып кетпей ме?
Шу және Талас өзендері сулылығының болжамына және су бөлу Ережесіне сәйкес 2024 жылғы сәуір айында өткізуге жоспарланған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Комиссиясының 33-ші отырысында 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Шу және Талас өзендері бассейндері бойынша мемлекетаралық су бөлу кестесі келісімделіп бекітіледі.
Бүгінгі күні Талас өзеніндегі Киров су қоймасында судың жиналуы былтырғы жылмен салыстырғанда 35 млн.м3-қа көп. Ағымдағы жылдың сулылығына нақты болжамды сәуір айының басында айта аламыз.
2024 жылғы 12 сәуірде Шымкент қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының кезекті отырысын өткізу жоспарланған. Комиссияның отырысы барысында Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймалардың жұмыс режимдері және су алу лимиттері Тараптармен келісімделеді.
Сырдария өзенінің ағымдағы жылғы сулылығының нақты болжамы сәуір айында белгілі болады.
- Еліміздегі гидрканалдарды жаңарту мәселесі қалай? Бөлінген қаржы ауаға ұшып, жемқорлық күшейіп кетпей ме?
Суару жүйелерінің тозу проблемасын шешу үшін 14 мың шақырымнан астам каналды реконструкциялау жоспарлануда. Жобаны 3 кезеңде іске асыру ұсынылады. 1-ші кезеңде 2024-2025 жылдары ұзындығы 3500 шақырым 337 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі ағымдағы вегетациялық кезеңге дайындық аясында 110 су шаруашылығы нысанын жөндеуден өткізуге ниетті. Тасымалдау кезіндегі өнімсіз су ысыраптарын 50-ден 25%-ға дейін азайту және қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттыру жоспарлануда.
- Мемлекет басшысы су саласындағы дипломаттарды дайындауға тапсырма берді. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүруде?
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Президентінің
2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 318 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.
Осыған орай, жаңадан құрылған Министрлік тұрақты келіссөз топтарын қалыптастыру, күшейту және су бөлу жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес трансшекаралық өзендер ағынының шектес мемлекеттерден түсуін қамтамасыз ету мақсатында су шаруашылығы саласындағы сарапшы ғылыми-зерттеу институттары мен практик-мамандарды тарту жолымен қазақстандық бөлігінің бекіту жоспарлануда.
- Су саласы мамандарын "Болашақ" бағдарламасымен оқыту жоспарларыңызда бар ма? Осы бағдарлама бойынша қанша маман шетелде оқып келді?
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су саласының мамандықтары мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткіздік. Кездесуге жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері де қатысты.
«Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Нәтижесінде, биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды. Ал қазіргі уақытта су мамандықтары бойынша 2500-ге жуық студент оқиды.
Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 22% - ға өсті. Бұл Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, отандық су саласының кадрлық әлеуетін арттыру үшін министрлік су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.
- Алдымызда көктем айлары келе жатыр. Биылғы су тасқынына қарсы жұмыстардың бағыты қандай? ТЖМ бірлескен жоспарларыңыз бар ма?
Жалпы, 2024 жылғы су тасқыны жағдайыныңболжамы "Қазгидромет" РМК гидрологиялық болжамдары негізінде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.
Осы болжамдарды алғаннан кейін, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға беріледі.
Бүгінгі күні республиканың барлық су қоймаларында вегетациялық кезеңнен кейін су жинақтау режимі жүріп жатыр.
Ағынның болжамды ағыны өзгерген кезде су қоймаларының жұмыс режимдері қайта қаралатын болады.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Министрлік және оның ведомстволық құрылымдары келесі іс шараларды жүргізеді:
- Министрліктің су тасқынына қарсы комиссиясы құрылады, сондай-ақ "Қазсушар" РМК филиалдарының базасында жедел ден қою және талдау мақсатында өңірлік су тасқынына қарсы комиссиялар құрылады;
- кезекшілік кестесі бекітіледі, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі;
- республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суларды апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленеді және бекітіледі, объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ ТЖ туындау қаупі дәрежесі бойынша су шаруашылығы объектілерінің тізбелері жасалады;
- Гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қағидаларына сәйкес әрбір су қоймасы үшін су қоймаларының толтырылуына және судың күтілетін түсімдеріне байланысты жұмыс режимінің кестелері бекітіледі;
- су тасқыны кезеңі басталғанға дейін пайдалану қызметтері бекітілген кестелерге сәйкес су тасқыны суларын жинақтау үшін су қоймаларындағы бос сыйымдылықтардың қажетті қорын қамтамасыз етеді;
- трансшекаралық су объектілері бойынша ықтимал ағын көлемі талданады;
- ТЖ туындаған жағдайда "Қазсушар" РМК бөлімшелері инертті материалдардың қажетті қорларын дайындалуда.
Бұдан басқа, жыл сайын Су шаруашылығы комитетінің бассейндік инспекциясының (СРИМ) мамандары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, сондай - ақ гидротехникалық құрылыстардың (бұдан әрі-ГТҚ) меншік иелерімен бірлесіп, су тасқыны кезеңі басталғанға дейін ГТҚ тексеруді жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Оның нәтижелері бойынша су тасқыны кезеңіне ГТҚ дайындауб ойынша актілер жасалады және ұсынымдар беріледі.
- Су ресурстарын тиімді басқару үшін инновация мен ғылымды қаншалықты пайдаланып отырсыздар?
Министрліктің бағынысында бір ғылыми-зерттеу институтымыз бар (Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу). Институт суғармалы егіншілікте суды тимді пайдалану технологияларың және сурару техникасын жетілдіру, ауыл шаруашылық дақылдарының суғару негіздеу бағытында зерттеулер жүргізіп, суғармалау нормаларын әзірлейді. Иниститут өз зерттеулерінде жаңа технологияларды пайдалану бағытында Ғарыш сапарымен әріптестік орнатып, бірлескен
ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда.
Сонымен қатар, елімізде су ресурстары саласында қолданбалы ғылыми-зерттеулермен айналысатын «География және су қауіпсіздігі», А. Сафин атындағы «Гидрогеология» ғылыми-зерттеу институттарымен (жер асты сулары мәселесінде) тығыз байланыста жұмыс атқарудамыз. Бұл институттардың потенциалдары өте жоғары, су шаруашылығы саласы үшін өте ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда.
- Кейбір дереккөздер бойынша Қазақстанда мол жер асты су көздері бар дейді, бұл қаншалықты рас?
Бүгінгі күні еліміздегі жер асты суларының қоры жылына 15,7 км3 құрайды. Негізінен жер асты сулары шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға, өндірістік-техникалық сумен жабдықтауға,жерлерді суғаруға және басқа да мақсаттарғапайдаланылады.
Жер асты сулары стратегиялық маңызы бар ресурс екенін ескере отырып, қазіргі уақытта оны ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып пайдаланушыларға субсидиялар беру мен төмен тарифтерді белгілеу түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын ендіру жоспарлануда.
Аталған шаралар жер асты суларының ауыл шаруашылығындағы үлесін арттыруға, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
- 2030-2040 жылдары Орталық Азия елдерінде су тапшылығы сезіліп, беті аулақ деп сұрайық, арты соғысқа айналуы мүмкін дейді... Бұл болжамға қаншалықты сенесіз?
Жыл сайын Қазақстан аумағында көлемі 102,3 текше километр су қоры жиналады. Оның 1,2 текше шақырымы, яғни жалпы су көлемінің 1% - дан астамы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Бастысы, жаңа Су кодексінде суды үнемдеу аса маңызды рөл атқарады. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті. Ал суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдар жаңа кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей мұндай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметімен «Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын»бекітілді.
Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.
Министрлік тасымалдау кезіндегі су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайтуды жоспарланып отыр. Сондай-ақ қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға арттырып, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ниеттіміз.
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс басталды. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
- Айтқандай, сушы мамандардың айлығы көтеріліпті, бұл туралы не айтасыздар?
1 қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға ұлғайды
Су саласында қызмет етудің тартымдылығын арттыру қажет, еңбекақыны көтеру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Әрине, жұмыс істеп жүрген кадрларды салада ұстап қалып қана қоймай, уақыт талабына сай мамандардың жаңа толқынын дайындау да маңызды.
Материалды әзірлеу барысында қолдау көрсеткен Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметіне редакция тарапы өз алғысын білдіреді.