Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Арал теңізін сақтауға бағытталған жобалар қарқын алды

Қазақстанда Солтүстік Арал теңізінің қайта толуы мен аймақты экологиялық оңалту бойынша жұмыстар күшейіп келеді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегіне сүйене отырып newsroom.kz хабарлайды.

Арал теңізін сақтауға бағытталған жобалар қарқын алды
ru.sputnik.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуының салдарын бірнеше рет көтерген болатын.

«Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», – деді Мемлекет басшысы.

Министрліктің хабарлауынша, 2024 жылдың қазан айынан биылғы қаңтарға дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілген. Бұл жоспарланған мөлшерден 100 млн текше метрге көп. Ал Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдер негізінде 2025 жылғы наурыздың соңына дейін теңізге жіберілетін судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетпек.

Бұған қоса, бүгінде Солтүстік Арал теңізінде 22,1 млрд текше метр су бар. 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр болған. 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі судың жалпы көлемі 23,4 млрд текше метрге жетеді деп күтіледі. Тиісінше, теңіздің ауданы да артып отыр: қазір 3065 шаршы шақырым, бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп.

Солтүстік Арал теңізіндегі су деңгейінің және ауданының ұлғаюы судың минералдану көлемін азайтып, балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік беруде. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жеткен.

«Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасын жүзеге асырудың арқасында, «Тәуір» қорғаныс бөгетін тұрғызу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы бөгеттерді күшейту жұмыстары аяқталды. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөліп тұрған Көкарал бөгетін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл шаралар теңіздегі судың тұздылығын төмендетіп, Солтүстік Аралдың тұрақты сақталуына ықпал етеді.

Қызылорда облысында күріш алқаптарын лазерлік жоспарлаушымен тегістеу және су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде шамамен 200 млн текше метр су үнемделіп, Солтүстік Аралға бағытталды. Барлығы 55 мың гектар күріш алқабы тегістелген, бұл орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттырды.

Аталған технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындары 50%-дан 80%-ға дейін субсидияланады. Ал мұндай жүйелерді пайдаланатын дихандар үшін суармалы судың тарифіне байланысты субсидия мөлшері 85%-ға дейін көбейтілген.

Арал теңізі бассейніндегі өңірлерді оңалту жұмыстары аясында көгалдандыру жалғасуда. Министрлік мәліметіне сәйкес, бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағына 4,4 млн көшет отырғызылды. 2021-2024 жылдар аралығында жалпы 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет егілсе, биыл тағы 428 мың гектарда жасыл аймақтарды көбейту көзделіп отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетпек.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағалығы Қазақстанға өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланған. Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығындағы төрағалығы аясында ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары мақұлданып, 10 бағытта 40-қа жуық іс-шараны қамту көзделген.

Президент тапсырмаларын іске асыру шамамен 2000 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы балық шаруашылығын дамытуға серпін беріп, судағы минералдану деңгейін төмендетеді. Ал су үнемдеу технологияларын енгізу мен инфрақұрылымды жетілдіру қосымша су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға жол ашады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату