Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы ауданының полицейлері жылжымайтын мүлікпен байланысты алаяқтыққа қатысы бар Павлодар қаласының 31 жастағы тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Newsroom.kz
2023 жылғы қарашадан бастап әйел "крыша.кз" сайтында жылжымайтын мүлікті жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған.
Хабарландыруларда нарықтық бағадан төмен баға және пәтер интерьерінің тартымды фотосуреттері көрсетілген.
“Негізінен алаяқтың арбауына тұрғын үйді тәулік бойы жалға алатын қала сыртынан келген азаматтар түскен. Мәселен, полицияға пәтер жалдағаны үшін бейтаныс әйелге 123 мың теңге аударған Алматы тұрғыны жүгінген. Басқа жағдайда жәбірленуші Крыша KZ сайтында пәтерді жалға беру туралы хабарландыруды көрген”, – деп хабарлады полицияда.
Хат алмасу барысында ол жалға берушіге 20 мың теңге көлемінде ақша аударған. Ақша аударғаннан кейін телефон нөмірі бұғатталған.
Қазір полицияға 11 азамат арызбен жүгінген. Аталған фактіге қатысты алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қалған жәбірленушілер анықталып жатыр.