Қарағандыда мектеп оқушысын көлік қағып кетті, жасөспірім ауруханада қаза тапты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алтыншы ақпан күні Қарағандыда сағат 08:00 шамасында Toyota көлігін басқарған 51 жастағы жүргізуші Аманжолов көшесімен келе жатқан.
"Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде жолдың жүру бөлігін белгіленген жерде кесіп өткен 12 жасар оқушыға соққы жасады. Жол - көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан медициналық мекемеде қайтыс болды. ЖКО фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды", - делінген Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарламасында.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті жолда жүргенде өте мұқият болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырды.