Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда Марқакөл ұлттық паркі құрылуы мүмкін

Осы арқылы аймақтағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге болады деп есептейді депутат

Қазақстанда Марқакөл ұлттық паркі құрылуы мүмкін
Фото: kazgeo.kz

Еліміздің шығысында жаңа ұлттық парк құрылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов осындай ұсыныспен Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттың сауал жолдады,-деп хабарлайды Newsroom.kz.

Еске салайық, былтыр депутаттардың бастамасымен шығыстың шекаралық аймағында жаңа үш аудан құрылған болатын. Аймақты одан әрі дамыту үшін Марқакөл ұлттық паркін құру қажет деп есептейді Л.Тұмашинов.

«Марқакөл ауданының аймағында «Марқакөл қорығы» орналасқан. Бұл қорық Кенес Одағының кезінде құрылған. Бүгінгі күні «Қатон-Қарағай» және «Тарбағатай» ұлттық парктерімен көршілес орналасқан. Қорық болу себебінен, заңмен туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынған. Халықпен кездесу кезінде, сайлаушыларымыздың сұрауы бойынша өңірдін экономикасын, туризмді дамыту мақсатында, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, қосымша табыс табу және  осы ауданның байырғы тұрғындарының өз өлкесіне қайтып оралуына қызығушылық тудыру үшін «Марқакөл қорығының» статусын өзгертіп, «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде қарастыру қажет. Бұл дегеніміз, осы өлкенің ертең Қазақстан елінің інжу-маржанына айналуына қосылған үлкен үлесі болар еді», - деді Тұмашинов Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Оның пікірінше, Ұлттық парк статусы ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін арттырып, туристердің санын көбейтіп, ауданға өте қажет кіші бизнесті дамытуға жан-жақты мүмкіндік береді.

«Үкімет жанынан құзырлы министрлік өкілдері санатынан, мәжіліс депутаттарымен бірге осы мәселе жөнінде топ құрып, шешу тетіктерін қарастыру қажет», - деп сөзін түйді депутат.Фото: mazhilis.kz