Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Серіков Таңсәуле Нартай Аралбайға берген сұхбатында мүгедектерді менсінбейтін қоғам туралы айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Айтуынша, мүгедек жандарға несие бермейді екен.
"Менің өз басыма тұтынушы кредитті бермейді. Мен жұмыс істеймін. Әлеуметтік қорғалған адаммын, жәрдемақы аламын. Ақпаратты суретке түсіресің, орталыққа жібересің сонда бермейміз кредитті деп айтты. Бұл адами фактор. Ипотека ашқым келді. Менен жабылып қалған банктан анықтама сұрады. Сіз 2006 жылы бір күнге 4300 теңге кредитіңізді төлейтін уақытынан асырып алыпсыз. Соны жапқан туралы анықтама алып келіңіз маған деді. Мен қазір ол банк жоқ деп айттым. Онда "Халық" банкіне бар деді. Ал, мен ол банктен жалақымды аламын. 4300 теңгемді төлеген шығармын дедім. Жұмыс орнымнан анықтама әкеп тұрмын. Жоқ деді. Сосын "Халық" банкінің филиалының басшысына бардым. Ол кісі күлді де, жабылып қалған банктің филиалы қалыпты Алматыда содан сұратып, анықтама алып берді. Апарып берсем, сіз анықтаманы әкелдіңіз бе деп таңғалып кетті. Сізге неге берді, негізі бұны бермеуі керек деді. Бермейтін болса неге сұраттыңыз дедім. Біз сескендік, сіз төлей аласыз ба бұны деді. Менен неге сескеніп тұрсыздар дедім. Мен университеттің профессорымын. Менің жалақым бар. Төлемесем шара қолданасың. Мен барлық құжаттарымды апарып тұрмын. Алатын жәрдемақым бар, әлеуметтік қорғалған адаммын. Не нәрседен қашып тұрсыз дедім. Ол болса, қауіп бар ғой деді. Айналайын ненің қаупі? Өлімнің бе дедім. Иә деді. Сен өзің қорғалғансың ба дедім. Бұл өмірде кім өлімнен қорғалған",- деді Серіков Таңсәуле.