"Шетелдегі қазақ балалары" жобасының авторы Жанар Байсемізова "Abay live" ютуб-арнасына берген сұхбатында шетел асып кеткен қазақ балалары туралы айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Жалпы шетелдіктер бала асырап алар кезде өздерінің агенттіктеріне барып, сол жерде ғана жарна төлеуі тиіс. Заңды асырап алу талаптары бойынша Қазақстанға келіп, ақша төлемеуі керек екен. Алайда, Жанар Байсемізова біраз заңсыз тұстарды байқаған.
"Бір америкалық ата-ананың өз аузынан бала асырап алуда біздің жақтың ақша талап еткенін естідім. Бұл жеке адамдардың қалтасына түскен ақша",- деді Байсемізова.
Қазіргідей жүйемен шетелге заңсыз кеткен балалардың санын білу мүмкін емес, дейді журналист.
Журналиске жеткен ақпарат бойынша шетелге кететін балалар ауру балалар болуы керек. Бірақ, сап-сау сәбилер де шетел асып кетіп жатқан көрінеді.
"Себебі, олардың медициналық карталарына түрлі-түрлі ауруды жазып қояды",- дейді журналист.
Ж.Байсемізова жетекшілік ететін "Шетелдегі қазақ балалары" жобасының соңғы шығарылымдарынан сап-сау балалардың шетел асып, Отанынан жыраққа кетіп жатқанын көруге болады. Осыдан кейін қандай "ауру" балаларды шетел асырып жібердік деген сұрақ туындайды.
БАҚ беттерінде 2013 жылы Қазақстан шетелге бала сатудан 3-ші орынға шықты деген ақпараттар тарады.
"2000 жылдары балалар 50 мың долларға сатылып кетті. Он шақты отбасы келіп, Тараздан әрқайсысына 50 мың доллар беріп, балаларды алып кеткен",- дейді Жанар Байсемізова.
Балаларды асырап алуда адамның ақылына сыймайтын нәрселер орын алған екен.
"Адамның ақылына сыймайтын дүниелер орын алған. Өзің шошып кетесің. Қаншалықты құлдырап кеткенімізді осы бағдарлама арқылы біле түстім. Шетелдіктер заңды сақтайды, бірақ біздікілерге ақша керек болған. Өзіміз кінәліміз бәріне. Балаң өлді деп шетелген өткізіп жіберген оқиғалар көп. Баланы туғаннан кейін, алып кетіп, өлді деп, мәйітін сұрағанда бермеген жағдайлар өте көп болды",- дейді Жанар Байсемізова.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдіктер асырап алған Ләззат есімді қыздың тағдыры туралы айтқан едік.