“Шетелдегі қазақ балалары” жобасының кезекті кейіпкері Юта штатындағы Ләззат өзінің өмірі туралы айтты,-деп хабарлайды newsroom.kz.
Ләззатты 4 жасында Юта штатының тұрғындары асырап алыпты. 5 баланың кішісі екен. Үлкен әпкесі де қазақ отбасыдан шыққан қыз көрінеді.
Ләззат кішкентай күнінен ата-анасын жоқтап, туған мәдениетін білуді аңсап өтіпті.
“Мен бақытсыз бала болдым, көкірегім шерге толып, ішқұса болып өстім. Енді ғана басымнан өткенді саралап келем. Кішкентай кезімде жабысқан кеселден айығып келем",-деді Ләззат.
Юта штатында Алиса атымен белгілі Ләззат Қарағандыда дүниеге келген. Шын аты - Ләззат Шашуова. 4 жасқа дейін балалар үйінде тәрбиеленген. Тілі қазақша шығыпты. Мектепен кейін оқуға тапсырмапты. Сұлулық салонында аздаған уақыт жұмыс істеп, шығып кетіпті. Өмірдегі өз орнын әлі де іздеп жүр. Әзірге жан дүниесіндегі жараларды емдеп жүрген көрінеді.
“Өзімнің кім екенімді түсінбей өстім, мен кіммін деген сұрақты көп қойдым. Тұманның ішінде жүргендей көріндім.Мені асырап алғандар бір нәрсені қайталай беретін. Жетімдер үйінде қалғаныңда ішкенің ірің, жегенің желін болатын еді дегенді қайталай беретін. Қазақстанда тұрсаң өмірің нашар болатын дейтін. Өз елімнен, мәдениетімнен жұлынып қалғандағы күйімді сезіндірмеді. Сөзбен аямай сабады”,- дейді Ләззат.
Ауыр сынақты кешіп, жақын деген жандарынан қолдау таппаған Ләззат қорғанышты басқалай сезінуге тырысқан екен. Қазір Ләззаттың 2 жасар ұлы бар.
“Бір жігітпен кездесіп жүргем, арамызда қатты сезімде болмады. Бірде бар, бірде жоқ болып кететін. Сөйтіп жүргенде қалай бала көтеріп қалғанымды білмедім”,-дейді Ләззат.
Ләззаттың бойына біткен бала да араларындағы сезімді оятпапты. Америкалық жігіт өз жөнімен кеткен екен.
Ләззат өз өмірін реттей алмай жүргенде баланың өмірін құртып аламын деп ойлап, баласын ашық түрде асырап алатын отбасыға беріпті.
2 жастағы ұлының ата-анасы қазір оны биологиялық анасымен жиі кездестіріп тұратын көрінеді.
Арадағы ұзақ уақыттан кейін, Ләззат өз туған ата-анасын іздеп, әлеуметтік желі арқылы қазақстандық газеттерге іздеу салады.
Моңғолиялық қазақ Бақыт Жекейдің арқасында Ләззат туған ата-анасымен табысып, бейнеқоңырау арқылы сөйлесіпті.
Ата-анасының айтуынша, олар Ләззатты тастап кеткісі келмеген. Біраз уақыт қаржылай қамтамасыз болып алған соң, кері алмақ ниетте болған. Осылайша мемлекетке тапсырған қызын, мемлекет шетел асырып жіберіпті.