12 қаңтарда кешкі уақытта Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Балқаш көліндегі мұз айдынында 3 балықшы мұз үстінде қалып қойыпты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Сағат 20:30-да жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мұз айдынына жетіп, 3 балықшыны қайық бортына салып алып, жағаға тасымалдады. Сонымен қатар жолда құтқарушылар мұздың жарылуына байланысты жағаға жете алмай қалған тағы бір балықшыны тауып алды.
ТЖМ осы жағдайға байланысты келесідей нәрселерді ескертеді:
- өтуге арналған мұздың қауіпсіз қалыңдығы кем дегенде 10 см болуы керек;
- қардың қалың қабатымен жабылған қауіпті жерлерді айналып өту керек;
- бұрын жүрген жолдарды пайдалану керек;
- мұз үстінен топпен өту кезінде бір-бірінен 5-6 метр қашықта жүру керек;
- балық аулау кезінде шектеулі аумақта бірнеше тесік тесіп, үлкен топ болып жиналуға болмайды;
- әр балықшының жеке құтқару құралы (жилет, белбеу және т.б.) болуы қажет.