Түркістан: комиссия отырысында әйелдер жұмыссыздығын азайту бойынша шаралар қаралды

Түркістан облысы әкімі жанындағы бала құқықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті.

Ғаламтор желісінен

Күн тәртібінде облыс көлемінде әйелдер жұмыссыздығын азайту жөніндегі шаралар, Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінен құрылған секторлардың атқарған жұмыстары және өзге де мәселелер қаралды. Мәжілісті комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпова жүргізіп отырады, деп хабарлайды newsroom.kz.


Жиында Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 97 686 адам жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде, әйелдер 50 450 адам немесе 51,6%-ды құрайды. Тұрақты жұмыс орындарына 35 195 азамат жұмысқа жолданса, оның 15 664-і әйел. Субсидиялау арқылы уақытша жұмыс орындарына 34 959 азамат жолданса, оның 18 923-і әйел. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға 21 708 адам, оның ішінде 12 660 әйел жолданды. Ал, грант 1 687 адамға берілсе, оның ішінде 977-і әйел. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 242 әйел, enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 1984 әйел жолданды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 2023 жылдың II тоқсанының қорытындысымен жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құраса, әйелдер жұмыссыздығы 5,8%-ды құрады.


Басқосуда Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінен құрылған секторлар мүшелері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қызметін жетілдіру жөнінде шаралар кешені қабылданды. Күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа тәсілдер мен жұмыс регламенті бекітілді. Осыған байланысты әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.


Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 1 млн. 200 мыңға жуық әйел бар. Бұл – облыс халқының жалпы 49,2 пайызын құрайды. Республикадағы әрбір бесінші бала Түркістан облысында дүниеге келеді. Биыл 9 айда 41 233 бала дүниеге келген. Облыста демографиялық өсу деңгейі жоғары. Өңірде 177 мыңнан астам көпбалалы ана бар. «Алтын» және «Күміс» алқа таққан аналар саны жыл санап артып келеді.

Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 444,2 мың адам қатысты. 300,6 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 152,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 148,4 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 15,5 мың адам, жастар практикасымен 12 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 103,2 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 5,4 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 199 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 12,1 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 31,5 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 28,7 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 102,9 мың адам қамтылды. Оның ішінде 77,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 81,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл басынан бері 5 317 грант берілді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, 2021 жылы ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға грант берілген. Бұдан басқа, 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды және 169 мыңнан астам ШОБ субъектілері бизнес ашу және оны жүргізу бойынша консультациялық қызметтер алды.

Жыл қорытындысы бойынша ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру арқасында 320 мың жаңа жұмыс орны құрылды (жоспар – 196 мың), 814 мың адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілді (жоспар – 700 мың). Сонымен қатар табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар ауыл халқының үлесі төмендеді, ШОБ-тың ЖІӨ-ге үлесі өсті, ал экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5%-ға дейін төмендеді.

Осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев баяндама жасады.

Премьер-Министр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. 

«Басты мақсат – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Үкіметтің «Атамекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын еске салды. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

«Реформаны «таза парақтан бастап» жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды», деді Премьер-Министр. 

Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр.

«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс», деді Әлихан Смайылов. 

Бұл орайда ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды. 

«Кәсіпкерлерден жаңа жұмыс орындарының ашылуын, тұрақты жалақының, зейнетақы жарналары мен салықтардың уақытымен төленуін, шығарылатын өнім түрлерінің көбеюін күтеміз», деді Әлихан Смайылов. 

Одан бөлек, әкімдіктерге кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды: электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдау керек. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды.

«Мемлекет бизнестің тұрақты және табысты қызметіне мүдделі. Кәсіпкерлер осыны нақты сезінулері керек», деп түйіндеді Премьер-Министр.

 

Жүктелуде...