Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан облысындағы минералды су көздері зерттеледі

Сарығаштағы шипажайлар орналасқан Көктерек кентіндегі заңсыз құрылыстарға тосқауыл қойылып, кентті дамытудың жаңа жоспары әзірленеді.

Түркістан облысындағы минералды су көздері зерттеледі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Сонымен бірге Түркістан өңірінде туристік саланы дамыту жолдары да сараланып, салаға жауапты басшыларға тапсырмалар берілді, деп хабарлайды newsroom.kz.

– Өңірде туризмді дамытуда жүйелі және әр жылға индикаторлар көрсетілген нақты даму жоспары қабылдануы керек. Таулы аймақтарда әр кәсіпкер өз қалауынша әрекет етіп, нысандар салып жатыр. Ретсіз, жүйесіз ғимараттар көп. Не жоспары, не дизайны жоқ. Осыны реттеңіздер. Туризмнің әр бағыты бойынша жоспар жасаған жөн. Екіншіден, облыстағы шипалы су көздеріне түгел зерттеу жүргізіп, нақты мәліметін ұсыну керек. Адам денсаулығына пайдалы су қоры табылса, сол аумаққа шипажай, туристік кешен салайық. Сарыағаш ауданындағы шипажайлар аумағына зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Заңсыздықтарға тосқауыл қойылады. Ол аумақты дамыту бойынша да көп жылды қамтитын жүйелі даму жоспарын әзірлеу қажет, – деген Дархан Сатыбалды туризмді дамытуда шетелдің озық тәжірибелерін зерттеуді тапсырды.

Жиында Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев облысқа келуші туристер санын арттыру және туристердің болу ұзақтығын арттыру бағытында жұмыстар мен талдаулар жүргізіліп, ұсыныстар жинақталғанын айтты. Облыстағы экологиялық туризмнің келелі мәселелері: ретсіз демалыс орындары, қызмет сапасының төмендігі, статистикалық деректердің жүргізілмеуі және таулы аймақтардағы демалыс орындарының өзге әкімшілік аумақтарда тіркелуі. Мәселен, Төлеби ауданында орналасқан 76 демалыс аймағының статистика органдарында 39-ы тіркелген. Ал, Түлкібас ауданында орналасқан 27 демалыс аймағының 20-сы тіркелген.

Қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жалпы «Түркістан облысының туризм саласын дамытудың 2024 - 2028 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленді. Бағдарламада орналастыру орындарын статистика органдарына тіркеу, әлеуетті инвесторларды тарту, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қамтылған. Сонымен бірге балалар туризмін дамыту, спорттық туризмді дамыту, туристер санын көбейту және өзге де бағыттар бойынша ұсыныстар әзірленген. Биыл мәдениет және туризм басқармасы арқылы 25 республикалық және халықаралық іс-шара өткізілді.

2024 жылы Түркістан қаласы Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осы орайда, келер жылы басқарма тарапынан 30-дан астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарлануда. Мамандар еліміздің өзге облыстары мен шетелдерге іссапарға шығып, туризмді дамыту тәжірибелерін жинақтап жатыр.

Көктерек кенті маңында туризмді дамытуға бағытталған арнайы экономикалық аймақ құру көзделген. Облыс көлемінде 12 минералды су көзі орналасқан. Аталған минералды су көздерінде 56 ұңғыма пайдаланылуда.

Мәжілісте «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені» ЖШС-нің бас директоры Төлеген Байсейітовтің атқарған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, аталған шипажай Көктерек кенті және көршілес ауылдардың 416 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Білікті дәрігерлері, мамандары елге қызмет көрсетуде. 18 гектарда 28 ғимарат пен қосалқы нысандар орналасқан. Бұл ғимараттар ішінде жалпы 674 орындық 8 жатын корпусы бар. Қалғандары әкімшілік және асхана, емдеу корпусы және тағы басқа қосалқы шаруашылық нысандарынан тұрады. Шипажайлар санының артуы және демалушылардың көбеюі жаңа минералды су ұңғымасын қазуды талап етуде.

Облыс әкімі шипажайды дамыту жұмысын жандандыруды, ғимараттарды реттеу, қызмет сапасын көтеру бағытында нақты істер атқаруды тапсырды. Сарыағаштағы шипажайлардың жай-күйі тұрақты бақылауда болады.

Табиғи судың пайдасы

Әрине, халық арасында минералды су зиян деген түсінік те жоқ емес. Тіпті, тазартылған суды жиі тұтынып жүргенімізбен, оның құрамында пайдалы заттар жоқ екенін де ескере бермейтініміз рас. Себебі кей жағдайда судың түрлері мен оның адам ағзасына әсерін де ажырата алмай жататынымыз бар. Мысалы, ауыз су – химиялық құрамы сақталған, бірақ микробиологиялық өңдеуден өткен су. Оған ультрокүлгін сәулесі түсірілетіндіктен, құрамындағы зиянды ғана емес, кейбір пайдалы бактериялар да жойылады. Ас суына минералды заттар қолдан қосылады. Ал табиғи минералды су құрамында амин қышқылы, дәрумендер, ферменттер мен органикалық заттар көп болады және арнайы жер асты көздерінен алынады. 

Табиғи минералды су жер астын мекендейтін, адам ағзасына пайдалы микроағзалар – автохонды бактериялар арқылы тазартылады. Бұлақтардың тазалығын да осы бактериялар сақтап тұрады екен.

Минералды судың түрлері көп және құрамына қарай оның ағзаға әсері де әртүрлі болады. Мысалы, гидрокарбонатты су несеп-тас ауруы мен асқазан сөлі үшін, хлоридті су асқазан-ішек жұмысы мен ағзадағы зат алмасуға, сульфатты су бауыр мен өт қабы жұмысына жақсы әсер етеді. Сондай-ақ аралас құрамды минералды судың емдік қасиеті өте жоғары саналады. Себебі онда пайдалы заттар көп болады. Мысалы, оның құрамындағы темір анемияның алдын алуға, йод қалқанша без қызметін реттеуге, кальций – тіс, сүйек, бұлшық ет пен жүрек-қан тамыр жүйесі жұмысына, магний – жүйке жүйесіне, натрий қан қысымына, калий бүйрек пен жүрекке пайдалы екені әлдеқашан дәлелденіп қойған.  

Су мәселесі қалай шешілуде?

Қазақстанда табиғи минералды су көздері көптеп кездеседі. Барлығы ғылыми ізденістерді, зерттеулерді, лицензия алу мен мемлекеттік бақылауды талап етеді. Оның жұмысы көп болғанымен, денсаулыққа пайдасы көл-көсір. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда, тіпті, ерекше жеңіл табиғи минералды су да бар екен. «Оның құрамында ауыр металдар болмайды және ол иммунитетті көтереді. Мұндай табиғи сулар әлем бойынша көп кездесе бермейді», дейді Ұлттық ғылым академиясының минералды ресурстар комитетінің корреспондент мүшесі Евгений Пятов.

Сондай-ақ Қазақстанда 2005 жылы сулардың химиялық құрамының физиологиялық сипаты бойынша негізгі белгілер енгізілген. Қазақстан Кеден одағы елдерінің арасында бірінші болып бұл түсінікті ұлттық техникалық регламентке де кіргізген. Дегенмен, 2019 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа техникалық регламенті іске қосылады да, қазіргі ұлттық техникалық регламент өз күшін жояды. Өнім сыртына судың пайдалы қасиеттері туралы ақпарат жазу міндеттелмейді. Яғни, жерасты көздерінен алынған  табиғи минералды су  тазартылған, жасанды жолмен алынған суға теңестіріледі. Әрине, бұл тұтынушыларды адастыратыны анық. Себебі мамандар қазір ішіп отырған суының пайдалы я зиянына көз жеткізбеген адамның денсаулығы 10-15 жылдан кейін міндетті түрде сыр бере бастайды деп дабыл қағып отыр. Сондықтан құзырлы органдар аталған шартты қабылдамас бұрын тағы да пысықтауы қажет. Ал қарапайым халық күнделікті тұтынатын суының сапасына көңіл бөлгені абзал. Бұл ретте мамандар қандай кеңес береді?

Минералды суды қалай таңдаған жөн? 

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда минералды су көздері көп болғандықтан, сырттан келетін тауардан аулақ болған жөн. Біріншіден, жасанды өнім болуы мүмкін. Екіншіден, табиғи өнім болғандықтан, жарамдылық мерзімі шектеулі болады. Сондықтан судың бөтелкеге құйылған уақытына ерекше назар аударыңыз. Егер минералды су әйнек ыдыста болса, 1 жыл, пластик ыдыста болса, алты ай ғана жарамды екенін ұмытпаңыз.

Сонымен қатар жалған өнім сатып алудан аулақ болу үшін сенімді жерлерден, арнайы жеткізуші компаниялардан, дәріханалардан немесе өндірушілердің дүкендерінен алған жөн. Табиғи минералды су сатып аларда үнемі жапсырмадағы жазуға да назар аударыңыз. Табиғи минералды судың фирмалық қағазында өндіруші компания, оның мекен-жайы, сақтау және шығарған мерзімі, ұңғыма нөмері туралы толық ақпарат болады. Тіпті, кей жағдайда аталған суды қандай аурулар кезінде ішу керектігі туралы да ақпарат кездеседі. Контрофакт өнімде грамматикалық немесе стилистикалық қателер көп болады әрі жазу анық оқылмайды. ГОСТ пен сертификаттау туралы ақпарат та жазылмайды.  

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі