Бүгін, 17 қараша - Халықаралық студенттер күні. Осы тұста newsroom.kz порталы "студент" сөзінің шығу тарихын назарларыңызға ұсынады.
Ең алғашқы университеттер құрыла бастағанда оны “студия” деп атапты. Тұңғыш “студия” 1080 жылы Италияның Болонья қаласындағы құқық мектептерiнiң өзара бiрiгуiнен пайда болған. Яғни, тарихтағы тұңғыш университет – Болон университетi. Ол әлi күнге дейiн жұмыс iстейдi. Негiзiнен бұл университеттiң басты бәсекелесi – араб әлемiндегi әл-Карауин университетi. Оның да тарихы тереңнен басталады. Бiрақ араб университеттерi түлектерге диплом бермейтiн. Болоньяда көбiнесе құқықтық пәндер – Рим құқығы оқытылды. Шындығында бұл университеттiң нақты қай күнi құрылғаны белгiсiз. Дегенмен, көне оқу орнының римдiктер үшiн маңызы зор. Мұнда сондай-ақ, қосымша пән ретiнде риториканы – сөйлеу мәдениетiн оқытатын “еркiн өнер” мектебi болған.
Уақыт өте келе “студиялар” Феррара, Падуа, Камбрада және басқа да еуропалық қалаларда құрыла бастады. Француздық педагогтар Италиядағы студенттерге қызығып, Париж университетiн құрады.
Бүгiнде ең көп айтылатын және атақтары жер жарып тұрған университеттер – Оксфорд пен Кембридж ХIII ғасырда ғана құрылды.
Тұңғыш “студияларда” 4-5 факультеттен болған. Олардың қатарына арнайы дайындық, құқық, медицина және дiн факультеттерi кiрген. Сондай-ақ, риторика, яғни сөйлеу мәдениетi пәнi де қамтылды. Алғашқы оқу орындарында 5 жылдан 15 жылға дейiн оқытылды. Қазiргi заманда экономикалық-гуманитарлық саладағы студенттер қандай көп болса, ол уақытта заңгерлердiң дәуренi жүрген. Студенттердiң денi заңгер мамандығын алуды қалайтын. Дегенмен заңгер мамандығы әлi де өз күшiн жойған жоқ.
Сөйлеу мәдениетiн дамыту үшiн “студияларда” апта сайын пiкiрталастар ұйымдастырылып тұрған. Және бiздегiден бiр айырмашылығы ол уақытта студент болу-болмау өз еркiңiзде. Егер студент болуға ынта танытсаңыз, студент болғыңыз келетiнi жайлы өтiнiш жазып, мұғалiм таңдайсыз. Сөйтiп, студент болып шыға келесiз. Әр ұстаға 25 шәкiрттен келген. Және бiздегiдей дәрiстер бiрнеше адамға оқылатын болған. Дей тұрғанмен студенттердiң 40 пайызы ғана “студияны” толық аяқтаған. Қалғандары не оқуды тастаған, не басқа себептерi болған. Оқуды бiтiргендер дiндi жақсы бiлетiн болса, шiркеу қызметкерi және бiлiмi жеткiлiктi болса, аудармашы, нотариус, дәрiгер, ұстаз бола алады.
Тарихи деректерге сүйенсек, ең алғашқы студенттер “схолар” немесе “школяр” деген атауға ие болған. Олар өздерi студенттiк ережелердi жасап, профессорлар мен ректорларды тағайындайтын болған. Ректор болуға тек бойдақ студенттiң ғана құқығы болды.
Ал қазiр қолданып жүрген “студент” сөзi латын тiлiнде “ынтамен оқушы, iзденушi” деген мағынаны бiлдiредi. Университет (universitas – бiрлестiк, қоғамдастық), факультет (fakultus) – қабiлеттiлiк, декан (decanus) – ондық, ректор (rector) – басқарушы деп аударылады.
Ең алғашқы “школярлар” ақсүйектердiң, көпестердiң, ғалымдардың, заңгерлер мен дәрiгерлердiң балалары болатын. Сол себептi де әрқайсысының өздерiнiң құлдары болған.