Allur Campus – 13,5 мың шаршы метрден асатын, тоғыз қабатты кірпіш үй. Ол 300 адамға арналған. Ғимаратта 71 отбасылық бөлме, 60 студенттік бөлме және уақытша қонақтарды орналастыруға арналған 20 бөлме қарастырылған. Барлық тұрғын блоктар жекелеген асүймен, санитарлық тораппен және демалыс аймағымен жабдықталады. Сонымен қатар, кампус ішінде медициналық пункт, кітапхана, компьютерлік сынып, спорт залы мен кір жуатын орын болады.
Жобаның құрылысы 2023 жылы басталған. Пайдалануға беру 2025 жылдың тамызына жоспарланған. Қазіргі уақытта жобаға салынған инвестиция көлемі 2,1 миллиард теңгеден асты. Құрылыс толықтай Allur компаниясының қаражаты есебінен қаржыландырылуда.
Компания өкілдерінің айтуынша, Allur Campus өңір инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады. Ол жас мамандардың өмір сүруіне, білім алып, дамуына қолайлы жағдай жасайды. Бұл бастама Қостанайдағы автокомпоненттер мен техника өндіретін өнеркәсіп кластерін толықтырып, жұмыс орындарымен қатар өмір сүруге жайлы орта қалыптастырады.
– Мұндай жобалар – индустриялық аймақтар жанынан жаңа өмір моделін қалыптастыратын әлеуметтік серпін. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мұндай бастамалар ерекше маңызға ие. Білікті әрі ынталы кадрларсыз бәсекеге қабілетті экономика туралы айту мүмкін емес. Осындай жобалар жастарға кәсіби еңбек жолын таңдауға түрткі болатын, заманға сай, тартымды орта жасайды, – деді вице-премьер Ермек Қошербаев.
Жоба болашақта кеңейтіледі. Екінші кезеңде 260 орындық балабақша мен футбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолағы, workout аймағы мен үстел теннисіне арналған алаңдарды қамтитын спорт инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.
Осындай ауқымды әлеуметтік жобалар өңірлерді дамытудың жаңа тәсілін көрсетеді. Енді ірі бизнес өндірістік қуатпен шектелмей, қызметкерлер мен болашақ мамандардың өмір сапасына да инвестиция салып жатыр.