Азаматтардың өмірін жақсарту - негізгі міндет

Бұл орайда, Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр.

Ғаламтор желісінен

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын, деп хабарлайды newsroom.kz.

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге).

«Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.

Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.

Биыл инвестиция тұрақты өсіп келеді. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.

5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі — Түркістан облысында биыл 5 айда 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 109 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылмақ екен.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында Түркістан облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл өз ішін ашуға ниетті 1688 адамға қайтарымсыз грант ұсыну көзделуде. Бұл бағытқа 2 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет 594 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Түркістандық жастар үшін 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында кеңірек насихаттау шаралары да тұрақты жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов және салынып жатқан «KamaTyresKZ» кәсіпорнының басшысы Александр Смышляев баяндама жасады.

Т. Дүйсенованың айтуынша, ұлттық еңбек нарығына демографиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбылмалылығы әсер етті. Бұл саладағы ең үлкен өзгеріс жаңа жұмыс күшінің пайда болуымен байланысты.

«2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Тамара Дүйсенова сараптамалық мәліметтерге сәйкес, шамамен 500 мың адам онлайн-платформалық жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. 

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартудың пилоттық жобасын әзірледі. 

Т. Дүйсенованың айтуынша, платформалық жұмыспен қамтуды тану қолайлы режимді сақтай отырып, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы жобаны қолдап, ондағы бюрократиялық және басқа да кедергілердің бәрін алып тастау қажет екенін айтты.

Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, жастар практикасына, «алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды.

Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға өз ісін ашу үшін берілетін грант мөлшері екі есе (400 АЕК-ке дейін) артты. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 146 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Жыл соңына дейін мемлекеттік қолдау аясында 500 мыңнан астам адамды жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға азаматтардың өздері Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса алады.

Мұндағы ең маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, деп атап өтті Үкімет басшысы.

«Биыл ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Ол кәсіпкерлік негіздерін оқыту жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналғанын атап өтті. Өткен жылы осындай курстарда 33 мыңнан астам адам оқып, оның 15 мыңы өз бизнесін ашты. 

Бұл ретте business.enbek.kz бірыңғай кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен гранттар беру бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.

Әлихан Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысының тиімділігі жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI-ға қол жеткізу негізінде бағаланатынын атап өтті.

Осыған орай Үкімет басшысы мынадай тапсырмалар берді.

  • жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты бос жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз ету;
  • жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз ету;
  • цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
  • 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекіту;
  • субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ын тұрақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету. 

Ерлан ӨТЕЛОВ,
Еңбек ардагері
Сарыағаш ауданының тұрғыны

Жүктелуде...