Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Сайрамда соны серпіліс бар

Түркістан өңіріндегі тіршілігі тоқтамайтын Сайрам ауданында бүгінде 235 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп жатыр.

Сайрамда соны серпіліс бар
Ғаламтор желісінен

Сәйкесінше 11 ауылдық округ, 42 елді мекеннен құралған сансыз бабтар мекенінде әлеуметтік-экономикалық даму сақталып, жоспарлар оң нәтижесін беруде, деп хабарлайды newsroom.kz.

 

Айталық, биылғы жылдың алғашқы 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 185 млрд. теңгеге жетіп, өсім  103,3 пайызды құрады. Оның жартысынан астамы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болса, 18,3 пайызы өнеркәсіп және 18,5 пайызы сауда саласының үлесінде. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 255 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған екен. Сонымен бірге үш тоқсанда ауданға 38,9 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, оның 90 пайызға жуығы жеке инвестиция ретінде саналып, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш екі есе көтерілген. Одан бөлек 2023-2024 жылдары Сайрамда құны 75 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба іске асырылып, 886 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның он екісі өңдеу бағытындағы жоба. Айта кету керек, жыл басынан бері ауданда құны 11 млрд. теңгеге татитын күнбағыс майын шығаратын цех, газо­блок және темірбетон зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт сынды 9 жоба іске қосылып, жаңадан 279 жұмыс орны құрылған. Осы және өзге де жаңалықтарды көпшілікке өңірлік коммуникация алаңында баспасөз жиынын өткізген аудан басшысы Арман Сәбитовтің өзі айтып берді.

Арман Сәбитұлының айтуынша, биыл «Gen Group Kazakhstan» компаниясы Қайнарбұлақ ауылдық округінде 5,3 гектар жерге банан өсіруге арналған жылыжай кешенін салған. Бір ерекшелігі, мұндай нысан Қазақстан бойынша жалғыз Сайрамда ғана бар екен. Тиісінше жылыжай жылына 1000 тоннаға дейін банан дайындауға қауқарлы. 

– Жыл соңына дейін құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда. Нәтижесінде 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар, «Агроөнеркәсіптік индустриалды аймағын құру үшін жер учаскесін резервте қалдыру туралы» аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, тұжырымдама жобасы әзірленуде. Алдағы уақытта осы жер учаскесіне инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мәселесін шешуіміз қажет. Индустриалды аймаққа инвестициялық жобаларды орналастыру үшін тізімдері анықталуда. 

Іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыру және шағын кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлік бойынша көш басындағы аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан кейінгі сатыда сауда және қызмет көрсету салалары тұр. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға көбейіп, 21 701-ге жетті. Жыл басынан бері шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 68,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 26 кәсіпкерге 1,4 млрд. теңге көлемінде қолдау жасалды. Сонымен бірге 10-17 қазан күндері ауданымыздағы 5 кәсіпорынның басшылары Қытай еліне өз кәсіптерін ұлғайту, қажетті құрал-жабдықтарды алу және тәжірбие алмасу мақсатында барып қайтты. Тиісінше олардың барлығы қытайлық бизнес өкілдерімен келісім жасасып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, – деді аудан басшысы.

Ал биылғы жылдың басты жаңалығы – «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 234 азаматтың жобасы дайындалса, соның 189-ы мақұлданып, 132 жоба қаржыландырылған.

Жиында аудан әкімі ағын су мәселесі де өзекті болып отырғанын айтып, 53 каналдың 47-сі жөндеуді қажет ететінін жеткізді. 

Ал жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселе. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген. Ауданда бұл бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде қажетті жайылым көлемі 693,4 мың гектарды құрап отыр. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес, аудан аумағынан 5,5 мың гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтару міндеті қойылса, жыл басынан бері 3,2 мың гектар жер қайтарылды. 

– Жалпы, бірінші кезекте тұрғындар үшін тиімді, шұғыл шешілуді қажет ететін мәселелерге назар аудару қажет. Осы мақсатта 42 елді мекендегі өзекті  мәселелер жинақталып, оны орындау үшін «Жол картасы» бекітілді. Оған енген 116 мәселені шешу үшін алдағы төрт жылда 61,6 млрд. теңге қажет болады. Өйткені өзекті мәселелердің басым көпшілігі инфрақұрылым саласына қатысты. Аудан халқының демографиялық өсімі жоғары. Сондықтан да, халықтың өмір сүруіне қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етудің қажеттілігі де артып келеді. Биыл инфрақұрылыммен қамту бойынша 22 нысанның құрылысына қаржы бөлінген болса, оның 9-ы биыл тапсырылып, қалғанының құрылысы 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде биыл 184 гектар аумақ инфрақұрылым жүйелерімен қамтылатын болады. Аудандағы барлық 42 елді мекен тұрғындары орталықтандырылған электр желісімен және ауыз сумен қамтылған. Ал табиғи газды 34 ауылдың адамдары ғана тұтынып отыр. Бұл тұрғыда биыл 6 елді мекеннің газ жүйесінің құрылысына бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Биыл 5 елді мекенді газдандыру жұмыстары аяқталады. Аудан аумағындағы 1 298 шақырым жолдың 62,4 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайызға жеткізіледі, – дейді Арман Сәбитұлы.

Сондай-ақ сайрамдықтар аудан орталығын абаттандыруды қолға алып, Ақсукенттегі «Арбат» құрылысын, орталық алаңды реконструкциялау, Жібек жолы көшесі бойындағы инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстарын, сонымен бірге орталық саябақты қайта жаңғырту жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр екен. 

Білім беру саласы бойынша ауданда жүзге жуық ұйым жұмыс істеп тұрса, оның 74-і мемлекеттік және қалғаны жекеменшік мектептер. Жаңа оқу жылында 2966 орынға лайықталған 7 жекеменшік мектеп ел игілігіне берілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 74 мектепке бейнебақылау жүйесі орнатылып, алыстан қатынайтын оқушыларды тасымалдауға 9 автобус берілген. Ал бір реттік ыстық тамақ бастауыш сыныптарда оқитын 19087 балаға беріліп отыр екен. 

– Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жер қойнауын пайдалану. Аудан аумағында жер қойнауын пайдалану мақсатында рұқсат құжаттарын алған 24 заңды тұлға бар. Бекітілген алгоритмге сәйкес, аудан көлеміндегі заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және зерттеу жүргізу мақсатында құрылған жұмыс тобы мүшелері жыл басынан бері 37 рет рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде мөлшерден тыс жүк артқан ауыр жүк көліктеріне 167 хаттама түзіліп, 2,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Аудан аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалануды және мөлшерден артық жүк тасымалдау мәселелерін түбегейлі шешу үшін ауыр жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, әкімшілік хаттамаларды түзетін арнайы құрылғыларды орнату жоспарда бар. Осы ретте, оларды облыстық маңызы бар жолдарға орналастыруға қаржы қарастыру жөнінде облыстық басқармаға ұсыныс берілді, – дейді аудан басшысы. 

 

Брифингте БАҚ өкілдері Арман Сәбитұлына көкейтесті сұрақтарын қойды. Оның ішінде қоқыс полигондары, ауданды абаттандыру, медициналық мекемелерді жөндеуден өткізу, құқықбұзушылық мәселелері көтеріліп, жауап берілді. Оған қоса, ауданды дамытуға септігі тиетін ұсыныстар да айтылды.

Бүгінде аудандағы мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметтің 54 түрі көрсетіледі. Мәселен биыл 9 айда жалпы көрсетілген қызметтер саны – 62 328, оның ішінде электронды түрде– 54 489, бұл көрсетілген қызметтердің – 87,4 пайызын құрайды.  Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда қамтамасыз етуге міндетті, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың ішкі бизнес-үдерістерін автоматтандыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара іс-қимылының ең тиімді нысаны ретінде электрондық мемлекеттік қызметтерді дамытуға ықпал етеді. Жалпы ауданда «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасына сəйкес, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында электронды түрде қызмет көрсету заман талабына сай қарқынды дамуда.